Қолжазбаларымды ақтарып отырып, “Уақыттың қадірі” деген тіркеске көзім түсті. Ойланып қалдым. Осы біз данагөй бабаларымыз қамшының қысқа сабындай ғана көрген уақыттың шын мәнісінде қадіріне жете алып жүрміз бе?
Өмірдің сан саласында маңдай терін сарқып, сіңіріп, өзінің қолтаңбасын қашап қалдырған небір ғұламалардың, ойшылдардың, данышпандардың, ғалымдардың барлығы өз уақыттарын тиімді пайдалану арқылы ғаламның ғажайып сырларын ашты, айтулы белестерден көріне білді. Адамзатты мейірім-шапағатымен жаратқан Алла Тағала тірі пенделерінің барлығына бірдей нығмет – уақытты нәсіп етті. Түріне, тіліне, діліне, дініне, нәсіліне бөлмей, жиырма төрт сағатты сыйлады. Жиырма төрт сағат қолында қаражаты жоқ кедейге де, дүниесі асып-тасқан байға да, бейкүнә балаға да, көпті көрген қартқа да, қара суын қайғысыз ішкен жанға да берілді. Мұғалімнің де, дәрігердің де, еңбекпен тыныстаған қарапайым шаруа адамының да, банкирдің де уысында осы жиырма төрт сағат байлық бар.
Білім-ғылыммен қараңғыға жарық түрен салған әлемнің небір ғұламалары сырғып өте шығатын құмсағаттай уақытты уыстан шығармаудың жолын ойлап, әр сәтін, әр минутын тиімді, мағыналы жұмсауды қарастырған. Айталық, бірде: “Мені жарты сағаттан кейін оятыңыз”, – деп көз ілмек болған атақты физик Альберт Эйнштейнді қызметшісі біраз тынықсын деген оймен бір сағаттан соң оятыпты. Тұра сала жалма-жан сағатына қараған ғалым уақытында оятпаған қызметшісіне: “Жарты сағатымды қайтарып беріңіз”, – деп ашуланған екен.
Медицинаның алға жылжып, қарыштауына талмай үлес қосқан, өте құнды еңбектер жазып қалдырған, қан айналымын тұңғыш зерттеген ғалым Ибну Нафис жазу кезінде қолындағы қаламының сиясы бітіп қалған жағдайда уақыт шығындамас үшін қасына бірнеше қалам дайындап қойып, солардың кез келгенімен жұмысын жалғастыра берген екен. Жиырма екі жасар Эрнест Галуа шіркеудің үкімімен өлім жазасына кесілгенде, ғұмырының соңғы он үш сағатын бүкіл дүниежүзіне әйгілі “Галуа қатары” атты математикалық еңбегін аяқтауға жұмсаған екен.
Көшкен керуендей тоқтаусыз жөңкіген уақытты оздырмай, заманның әр төбесіне өзінің есімін ойып қалдырған ғұламалардың арасында қазақ ойшылдары да аз емес. Халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы ұлы Абай өзінің философиялық ой-толғамдарының жиынтығы – үшінші қара сөзінде: “Адам баласы жылап туады, кейін өледі. Екі ортада бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға уақыт таба алмайды”, – депті. Қазақтың бар-жоғын саралап барып, салмақты сөз түйген, ұлттың жоғына күйінген ұлы тұлғаның жан шырылы, жүрек толғанысы уақыттың баға жетпес байлық екенін айтып тұрған жоқ па?! “Сағаттың шықылдағы емес ермек” деп жан сөзін өлеңіне жайып салды, уақыттың өтпелілігін өнеге етті. Одан өзге әр уақытын тиімді пайдаланған ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің найзағайдай жарқ еткен отыз жыл ғұмырында орда бұзды, ұрпақтары қанып ішер көл туындыларын жазып, аманаттауды құйрықты жұлдыздай өлшенген ғұмырына сыйғыза білді.
Күні кеше ғана әдебиетсүйер қауымның ортасында от пен суды қатар кешіп жүрген Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі жас кезінде өзіне темірдей тәртіп құрып алыпты. Соған сәйкес ол тынығып, ауқаттанып, жазу үстеліне отыруды әдетке айналдырған екен. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін үйіне асыға жетеді. Жеңіл-желпі жүрек жалғап, бірер сағат көз шырымын алады. Содан түннің бір уағына дейін жазу үстеліне отырып, оқиды, жазады, аударады. Ол өзінің “Иірім” деп аталатын кітабында 1960 жылы алпысқа толған Сәбит Мұқановтың мерейтойына шақырту алғандығы жөнінде әңгімелейді. Қадыр – әлі таныла қоймаған 25-тегі жігіт, ал Сәбит Мұқанов – Қазақстанның аға жазушысы. Әрине, бұл Қадыр үшін үлкен мәртебе еді. Алайда, ол тойға бармайды, қалыптасқан тәртібін бұзбайды. Кейінірек Қайрат ақын Жұмағалиев те Қадыр туралы айтқан бір естелігінде өзінің үйлену тойына сыйлығын әкеліп тастап, бірақ тойға келмегенін жазды.
Қазақтың күпі киген қара өлеңін шекпен жауып қайтарған марғасқа Мұқағали Мақатаевтың:
“Уақытты тоқтатар шамаң
бар ма?
Бәрі өтеді дәуірлер,
замандар да,
Менің жаным ашиды уақытты
Өтпейтіндей көретін
адамдарға”, –
деп, ендігі бір өлеңінде:
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым,
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген, – деген өлеңі түсінген адамға ұй-қының өзі кіші өлім, ұйқымен өткен қайран уақыттың зая кететіндігі екенін ескертіп тұрғандай. Ақын болмаса да ақын жүректің өлеңін, жырын түсінетін адамның дені ақиықтың осы сөздерін оқып, өз уақытының дұрыс жұмсалуына бір сәт көңіл бөлген де болар, бәлкім.
Әңгімеміздің тұздығы болсын, жақында Петропавл қаласында Құран Кәрімді жатқа айтушы қарилардың республикалық додасы өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үміткерлердің талаптары мен таланттарын бір арнаға тоғыстырды. Кіл жүйріктің ішінен шын жүйріктер іріктелген ерекше сайыстың қызықты тұсы да сол – есімдері елімізге танымал айтыс ақындарының, әншілердің арнайы ат терлетіп өңірімізге табан тіреуінде еді. Өлең десе ішер асын жерге қоятын жерлестеріміздің жүрегін өзінің “Автопортрет” атты жыр жинағымен жаулаған алмас тілді Алмас Темірбай ақынның оқыған “Уақыттың қадірі” өлеңі Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында отырған дүйім жұртшылықтың көңіліндегі сыр сандықты ашқандай, әдемі әсерге бөледі. Оқыған адамның ойына қозғау салып, рухани байлығын арттырып, жақсылыққа үндейтін өлең тұтастай алғанда, бүкпесіз шындықты жайып салып, әрқайсымызға ой тастады. Ойланып қана қоймай, бос өткен күндерді далаға шашқан қыруар ақшадай сезіндік, налыдық. Ой пернесін дөп басқан өлеңнің әр шумағы ауыр жүк арқалатып, ойымызға салмақ салды.
Ойлама бәрін білем деп,
Шалқып та тасып жүрем деп.
Уақытың – алтын қазынаң,
Жұмсауың керек үнемдеп.
Үйден бір затың тоналса,
Қалтаңнан ақшаң жоғалса,
Іздейсің жоқтап, өкініп,
Уайымға батып, о, қанша!
Ойланбай неге келеміз,
Дүние десе өлеміз.
Уақытың өтсе, жоғалса,
Уайымдамаймыз неге біз?
Қалжыңбас ағам тойда жүр,
Қаңғыбас жеңгем қайда жүр?
Жиырмадан асқан бір інім,
Бала боп әлі ойнап жүр, – деген шумақтарымен бірге ақынның жанайқайын естіп, алпыс екі тамырымызға қан жүгірткен өктемдігін байқадық. Жанашырлықтан туған өктемдік екендігін мойындадық.
Иә, қазақтың қамын ойлап, бастарын бәйгеге тіккен кешегі Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды алдаспандарымыз халқымыздың басына үйірілген қара бұлтты өткенге өкінбей, қам-қарекетсіз жатуларымен байланыстырды емес пе? Көзді арбаған жалғанның жылтырағына мастанып, алдамшы ғұмыр кешуді ар санағаннан олар келешек ұлт ұрпағына бай мұра қалдырғандығы да тарихтан айғақ.
Минутты әрбір бағала,
Секундты әрбір сарала.
Уақытты қайда жұмсадың,
Есептеп үйрет балаңа, – деді бір шумағында ақын. Алайда, балаларымыздың, немерелеріміздің бос іспен шұғылданбай, керісінше балалық, жастық шақтарының дұрыс өтуіне жағдай жасап жүрміз бе? Бұл сауалға келгенде көпшілігіміз өз-өзімізден ұялып, тосылармыз мүмкін. Қолдағы қолғанатымыздың өміріне, болашағына алаңдаушылық танытып, әр сәтін санамалап, жоспар құрғызып көрдік пе? Әлде, баламыздың еріншектің дегеніне көніп, “ертең істей салайыншы”, “ертең де күн бар ғой” деп салы суға кетіп, салғырттыққа берілуіне біз де ере салдық па? Ойланатын жағдай.
Уақытқа еркелеу, ұтымды пайдаланудың жолын қарастырмау, ертеңгі күнге үміт арту біздің халқымыздың қанында бар қасиет сынды. Тойшылдығымыз кейде ойшылдығымызға тұсау болып жатады. Айтылған уақытта діттеген жерге барудың орнына кешігуді дәстүрге айналдырғанбыз. Өз уақытымызды былай қойғанда, үлкен үмітпен шақырған адамның уақытын сыйламайтын да кездеріміз көп. Ұлан-асыр тойымыздың өзі межелеген уақыттан міндетті түрде бір немесе екі сағат кешігіп басталады. Жұрт қарасы жиналып, тағам толы дастарқанға отыра берген тұста ұзын сонар тілек айтулар, құттықтаулар, бос, бей-берекет сөздер көбейеді. Үй иесінің де, өздерінің де уақытын алған бейқам адамдар. Ащы болса да, шындық. Налисың. Аллаға да, адамға да жақпайтын осы қасиеттердің қанымызға сіңіп, есігімізге ентелей кіргендігіне қылар шара жоқтай болып көрінеді кейде. Айтатын ойымды Алмас ақын өз өлеңінде:
“Ішетін, жейтін жатып ап,
Байқашы жұртты бақылап.
Уақытша ғана нәрсеге,
Уақытын жұмсар ақымақ”, – деп батырып та, сабырға шақырып та жеткізді.
Осы тұста ислам дінін уағыздаушы ғұламалардың бірі – Хазірет Әлидің ойы есіме оралады. “Уақыт – қылыш. Егер сен оны шаппайтын болсаң, ол сені шабады” деген екен. Дін ғалымы Ибнул Жаузи: “Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін түсініп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын пайдасыз іске өлтіретіндігін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатамын”. Жастар тақырыбына қалам тербеп жүрген мен еліміздің, өңіріміздің бүгінгі бірқатар өрендеріне қарап, аталмыш ойшылдың ойының дөп айтылғандығын мойындадым.
Тепсе темір үзер шақтағы өрендердің әлеуметтік желілерде отырып, букмекерлік кеңселерде жүріп, кафелерде, дәмханаларда сергелдеңмен күн өткізуі уақыт деген баға жетпес байлықтың көз алдымда бұлбұлдай ұшқаны емес пе?! Осыларды ойлағанда еріксіз жабырқайсың, жыларман халге түсесің. “Қайран, қор болған уақыт?!” деп күйінесің.
… Мен уақытыма ие болып жүрмін бе? Осы сауал маған маза бермейді әсте …
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.