Еліміз туелсіздік алғаннан бері облыста 10 ауданның, 1 қаланың, 14 ауылдық округтің және 60 елді мекеннің тарихи атаулары қайтарылған немесе жаңаланған. Бұл туралы “Ономастика саласындағы мәселелер және көрнекі ақпарат” тақырыбында өткен аймақтық семинарда өңірдегі ономастикалық ахуалға тоқталған мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев айтты.
Алдағы уақытта идеологиялық тұрғыдан ескірген ауылдар мен көше атауларын өзгерту үрдісі жалғасын табады. Ақжар ауданында 1 ауылдық округ пен 2 елді мекеннің атауын ауыстыру жайы тұрғындар талқысына ұсынылыпты. “Осы ауданда Новосел ауылдық округінің, Коммунизм және Киевское елді мекендерінің атауларын өзгертуге байланысты тұрғындардың қатысуымен жиындар өткізілді. Ұсыныстар қолдау тауып, ономастикалық комиссия тарапынан оң шешілді. Новосел округін – Үлкен Қараой, Киевскоені – Кіші Қараой, Коммунизмді Баймырзаға ауыстыру ұсынылды”, – деді бұл жөнінде түсініктеме берген ономастикалық бөлімнің жетекшісі Ернияз Сұлтанов.
Ұлттық санақ өткізуге байланысты жоспарланған көптеген ономастикалық жұмыстар кейінге шегерілгенімен, мораторий алынып тасталғаннан кейін қайтадан жанданады деген үміт мол. Бұл саладағы басты бағыттардың бірі – есімдері республикаға, аймаққа танымал тұлғаларды ұлықтау, заман ағымымен үйлеспейтін жер-су атауларын азайту. Мәселен, Ленин, Киров секілді елді мекендер әлі де көп. Өңіріміздегі 774 көшенің атауы бүгінгі уақыт талабына сай емес.
Есіл аудандық әкімдігі әлеуметтік желі арқылы Явленка кентінде бірнеше көшенің атауын өзгерту бойынша тұрғындар талқылаулары ұйымдастырылатынын хабарлады. Жұртшылық талқысына Ленин, Урицкий, Чапаев, Воровский, Киров, Фурманов, Буденный сияқты көше атаулары түспек. Көше, округ атауларын ауыстырғанда республикалық ономастика комиссиясында бекітілген 345 белгілі есім мен 380 жер-су атынан құралатын тізім бағдарға алынуы керек.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек “Есіл-Көкше ономастикасының сипаты”, жергілікті өлкетанушы, М.Қозыбаев атындағы университеттің профессоры Зарқын Тайшыбай “Солтүстік Қазақстан аймағының тарихи топономикасы”, мемлекеттік архив директоры Сәуле Мәлікова “Қызылжар өңіріндегі елді мекендердің тарихы” тақырыбында баяндамалар жасап, ғылыми-зерттеулерімен бөлісті. Ақмолалық және қостанайлық мамандар Дулат Қоспанов пен Жанат Мырзабаева өзекті проблемаларды шешу бағытында атқарылып жатқан тәжірибелерімен бөлісті. Онлайн байланысқа шыққан Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің профессоры Жазира Ағабекова да өз ой-пікірлерін алға тартты. Ресейдің архив қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Семинардан соң басқарманың тапсырысымен басылып шыққан Солтүстік Қазақстан облысындағы жер-су атаулары атласының тұсауы кесілді.
Фарида ТҰЯҚОВА,
мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы.