«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТ ТАЛАБЫНАН ТУЫНДАҒАН

Биыл азаттық туын көтеріп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға – 25 жыл. Бұл – егемендігімізді нығайту жолындағы өлшеусіз еңбекті қорытындылайтын мерейлі сәт. Осы жылдар ішінде Елбасының сындарлы саясаты арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ алар асулар әлі алда.

Бүгінгі дағдарыс уақытында халықтың тұрмысын барынша жақсарту үшін барлық жұмысты жасап отырған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев “Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жариялады. Бұл бүгінгідей ел үшін қиын кезеңде қазақстандықтарға бағыт-бағдар беретін құнды құжат екені айдан анық.

Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін жұмылып жұмыс істеп, қиындыққа құрыштай шынығуды әрдайым айтып отыратын Елбасы, жуырда Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, 2016 жылы барлығы 1 триллион 450 миллиард теңге еркін зейнетақы жинақтарын бірқатар бағыттарға инвестициялауды тапсырды. Бұл – экономикадағы ахуал мен теңге бағамының өзгеруін ескере отыра, уақыт талабынан туындап отырған дұрыс шешім.

Бірқатар қажетті салаларды дамыту үшін бөлініп отырған қаражат өз кезегінде кәсіпкерлердің 700 жобасын қаржыландыруға, 14 мың жұмыс орнын құруға, сондай-ақ, 540 миллиард теңге сомасындағы өнімді сатуға және 60 миллиард теңгеге жуық бюджетке салық түсімін де қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні ертеңгі күнге деген сенімді шыңдай түседі. Елбасы өз сөзінде: “Көптеген елдер қиын жағдайда қалды және әлеуметтік кірістерін қысқартуға, жобаларын тоқтатуға мәжбүр болып отыр, нәтижесінде жұмыссыздық өсуде. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарықтарға жол ашып отырмыз. Дағдарысқа қарсы біздің экономикалық саясатымыз тек экономикалық өсімнің жаңа жолдарын іздеу мен табуға ғана бағытталып отырған жоқ. Менің тапсырмаларымның бәрінің түпкі мақсаты – қарапайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақтылығы”, – деп атап көрсетті.

Қаржы тиімді жұмсалса, қаншама тұрғын үй тұрғызылып, мектептер салынып, кәсіпкерлік дамып, бұдан басқа да жоспарлы істер жүзеге асады. Яғни, жаңадан жұмыс орындары ашылып, барынша жақсы өмір сүруге мүмкіндік туады. Мұның барлығы ел игілігі үшін істеліп отырған ауқымды жұмыстың бастамасы болмақ. Бастысы, азаматтарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау үшін қабылданып отырған Елбасының орынды шешімін қолдаймыз және оның жүзеге асуына атсалысамыз. Өйткені, бұл, ортақ шаңырағымыз Қазақстанның болашағы жарқын, келешегі кемел болуы үшін жасалып жатқан қадам деп есептейміз.

Бақыт ҚАБДІЛМӘЖИТОВА,

“Парасат” мектеп-лицейінің мұғалімі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp