Петропавл қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қоғам кеселімен күрес жүргізу мақсатында акция ұйымдастырды. Оның барысында арнайы құрылған комиссияның көзінше 100 килограмм есірткі затының көзі жойылды. Улы шөпті өртеуге “Қамқор” клубының волонтерлері де қатысты.
Жыл басынан бері облысымызда есірткі заттарын шамадан тыс пайдалану салдарынан бес адам қайтыс болған. Нашақорларға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем 69 рет көмекке келген. Көмекке жүгінгендердің арасында жеті жасөспірім бар.
– Мектепте есірткінің зияны жайлы ойды балалардың санасына мықтап сіңіру керек. Ата-аналар, мұғалімдер, тәртіп сақшылары бірлесіп, күн сайын тәлімі мол профилактикалық жұмысты өткізуіміз қажет, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Рахат Нұрахметов.