«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАБАРСЫЗ КЕТТІ ДЕМЕҢІЗ…

Түбіт мұртты бозбала күлімсіреген қалпы қол бұлғап, туған жер төсіне келе жатқандай елестейді.

Дүниежүзінің алтыдан бірін иеленген бұрынғы Кеңес Одағының “ақтаңдақтары” жетіп артылады. Солардың бір парасы – “Ұлы Отан соғысы” деген атпен тарихқа енген қаралы кезең зұлматы. Талай шаңырақты күйретіп, ортасына түсірген, аналарды жесір атандырып, балаларды жетім қалдырған қилы да қиын тұста әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен, із-түзсіз жоғалған майдангер туған-туыстарын үміттері үзілмеген күйі зарыға, сағына күткен отбасылар қаншама?! Осындайда орыстың ұлы қолбасшысы А. Суворовтың “Соғыс – елі үшін жантәсілім еткен соңғы жауынгер жерленгенде ғана бітеді” деген сөзі ойға еріксіз оралады.

Біздің шаңырақта да, ең алдымен, ардақты әкеміз Сейітқасым Рүстенұлы Байтеленовті (иманды болсын) 18 жасында өз еркімен қан майданға аттанып, оралмаған үлкен ағасының тағдыры тірісінде қатты мазалаған еді. Қатардағы гвардия жауынгері Айтан Байтеленов 1924 жылы Октябрь ауданы Шортай ауылының тумасы еді. 1942 жылы 25 қыркүйекте Октябрь аудандық әскери комиссариаты арқылы соғысқа шақырылған. Әскери даярлықтардан өткен соң Бірінші Прибалтика майданына қарасты Карачевский гвардиялық атқыштар дивизиясының 247-атқыштар полкі құрамында танкілерге қарсы рота бөлімшесін басқарған. Одан арғы тағдыры беймәлім болып, 2011 жылдың шілдесіне дейін із-түзсіз жоғалғандар тізімінде жүрді. Ағамыз Ермектің Кеңес Одағының Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына жолдаған сұраулары нәтижесіз аяқталды. Әкеміз ақтық демі үзілгенше ол жайлы жақсы хабар тосумен болды. Кей кезде “Тағдырдың басқа салғаны осы ма?” деп налып отыратын. Қайтыс болардан 3 ай бұрын 1995 жылы жарық көрген “Боздақтар” кітабының бірінші томында Октябрь аудандық әскери комиссариатының кінәсінен жіберілген қателікті оқығанда көзіне жас үйірілгені бар. “Байтеленов Айтанның” орнына “Байтеменов Айтжан” деп жазғаны қалай деген ренішін жасырмайтын. Бұдан басқа “Рүстенов Айтан” деп те есепке алынған көрінеді.  

Байтеленовтер әулеті жадында 2011 жыл мәңгі ұмытылмастай сақталып қалды. Тамыз айының тамылжыған бір кешінде ұлым Рүстен Айтан ағамыз жайлы деректерді Интернеттен тауып, сүйінші хабар естіртті. Бәріміз төбеміз көкке жеткендей болып, қуанышымыз қойнымызға сыймады. “Мемориал” сайтының мәліметтері бойынша А. Байтеленов Невель-Городокс бағытында шабуылдау операциясы кезінде 1943 жылы 26 желтоқсанда ерлікпен қаза тапқаны, Моисеенко деревнясы маңында жерленгені жазылған. Куәландыратын құжатта туған жылы мен туған жері дәлме-дәл көрсетілген. Онда атамыз Байтеленов Ахметжан туралы деректі де ұшыраттық. Ағамыздың жерленген жерін іздестіру барысында өткен ғасырдың 50-шы жылдары Витебск облысы Городокс аудандық атқару комитетінің шешімімен Кабище деревнясындағы бауырластар қабіріне қайта жерленгені белгілі болды.

Городокс аудандық атқару комитетімен бірнеше мәрте жазысқан хаттардың арқасында әскери комиссар, подполковник Д. Богумирскийден мынадай жауап келді:

“Құрметті Сәбит Сейітқасымұлы! Қызыләскер Айтан Рүстенұлы Байтеленовтің Моисеенко деревнясындағы бауырластар зиратына қайта жерленгенін мәлімдеймін. “Соғыс боздақтары мен Отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру туралы” Беларусь Республикасы Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес аудандық атқару комитетінің шешімімен оның есімі мемориалдық тақтаға жазылды”.

Интернет беттерін парақтай отырып, ағамыз жайлы бірқатар құнды деректер кездестірдік. Солардың бірі – танкілерге қарсы рота бөлімшесінің командирі А. Байтеленовті марапаттау туралы “құпия белгісі” бар 1943 жылғы 29 желтоқсандағы №029/Н бұйрығы. Онда ағамыздың 13 желтоқсанда жаудың алдыңғы қорғаныс шебін бұзу және басып алу кезіндегі ерлігі мен басшылық жасау тактикасы, екі пулемет ошағы мен бір бронды танкіні жойғаны, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталғаны баяндалған. Операция кезінде ағамыз полк командирінен арнайы тапсырма алып, шартты белгі зымыранынан кейін “Ура! Отан үшін!” деген ұранмен атойлап, ротаны шабуылға көтерген.

26 желтоқсанда жалынды жастық өмірін елі мен халқының бейбіт тыныштығына сарп еткен Айтан ағамыздың ерлікпен қаза тапқанына 70 жыл толады. Аманшылық болса, келесі жылы мәңгілік тыныштап жатқан бауырластар зиратына тағзым етуді, туған жерінен бір уыс топырақ ала баруды ойластырып отырмыз.

Жаныңыз жаннатта болғай, асыл аға!

Туған-туыстар атынан еске алушы:

Сәбит БАЙТЕЛЕНОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp