Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп, республика деңгейінде “Мүшәйра” жас ақындар конкурсын ұйымдастыруда. Хакім мұрасын жастардың санасына сіңіруді мақсат тұтқан шараға біздің өңірден 20-ға жуық үміткер қатысты. 16-19 жас аралығындағы талантты ұл-қыздардың өнерін бағалау міндеті М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтына жүктелді.
Байқауда облыс орталығының, Қызылжар, Айыртау және Уәлиханов аудандарының жастары белсенділік танытты. Олар хакімге арнаған өлеңдері мен прозалық туындыларын электронды пошта арқылы жолдап, ақын өміріне және мұрасына қатысты ойларымен бөлісті.
Аймақтық іріктеудің қорытындысы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенттері Жарқанат Хинаухан мен Сержан Нұрдолқын және “Сова” ЖШС-нің қызметкері Самрат Құскенов топ жарды. Олардың жұмыстары 1-20 қазан аралығында Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңде бағаланатын болады. “Байқау қатысушыларының еңбектерін бағалау кезінде идеялық және композициялық тұтастықты сақтау талабына ерекше мән берілді. Үміткерлер конкурсқа қатысып қана қоймай, өз қабілетін шыңдай түсуге, республика деңгейінде танылған дарынды ақын-жазушылармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алады”, – дейді СҚУ жанындағы “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Зәуре Қартова.
Шара барысында жас ақындар әдебиет және өнер саласының тәжірибелі мамандарының шеберлік-сыныптарына қатысты. Доцент, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Құлыбекова мен Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жетекшісі Аманжол Зағыпар ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығын сөз ете келе, өлең мен проза жазудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.