Үстіміздегі жылы ұлтаралық татулықтың орталығына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына орай өңірімізде де бірқатар шаралар қолға алынды. Осы орайда, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының жұмысы ерекше маңызға ие.
Өткен оқу жылынан бастап студенттердің елімізде бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп отырған этностардың тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін кеңейтуге, бірегейлікті нығайтуға, Ассамблеяның “Әртүрліліктегі бірлік” атты стратегиялық қағидасын жүргізіп, қоғамдағы этникалық қақтығыстарды жоюға бағытталған “Халықтану” жобасы жүзеге асырылуда.
Жобаны іске асыру барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этномәдени бірлестік мүшелері және жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттерінің қатарындағы этникалық топтардың өкілдері бір мақсатта күш біріктірді. Аталған бастаманың сәтті жүзеге асуына орыс, украин, неміс, татар, поляк, әзірбайжан, армян және үндіс этностары өкілдерінің қолдау көрсеткені елімізде орнаған татулық пен бірліктің белгісі деп білеміз.
Жаңа оқу жылында “Халықтану” жобасы аясында қолға алынған шаралардың бірі өзбек халқының тарихи-мәдени мұрасын, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы өзбек этномәдени орталықтарының жұмысын көрсету болды. Яғни, “Халықтану” интерактивті білім беру дәрісханасында Қазақстан, Үндістан мен Бангладештің барлық аймақтарынан келген 400 студент үшін өзбек халқының шығу тарихы, тұрмыс-тіршілігі тақырыбы бойынша үш тілде дәріс өтті. Биылғы жылы енгізілген жаңашылдықтардың негізгісі дәрістерге республикалық және шетелдік сарапшыларды қатыстыру екенін айта кеткен жөн. Осылайша, жастар өзге этностың мәдениеті мен тарихын меңгеруде шетелдік сарапшылардың ой-пікірін тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиа орталығының бас редакторы.