«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ СЕНІМІН НЫҒАЙТУ МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа белесіне шығару үшін Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізетінімізді мәлімдеді. Ол үшін Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарының толыққанды жүзеге асырылуын басты назарда ұстауымыз керек.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында партиялардың қызметін жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды міндеттер қойды. Біз қоғамдық диалог орнатуға, ашықтыққа, азаматтардың мұң-мұқтажы бойынша жедел әрекет етуге басымдық беруіміз керек. Азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
Бұл жерде “Nur Otan” партиясының бастауыш партия ұйымдары мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракцияның атқарар рөлі зор. Бас партияның облыстық филиалының бюджеттік ұйымдарда, жоғары оқу орнында, қызмет көрсету, сауда-саттық, шағын және орта кәсіпкерлік саласында, ірі өндірістік кәсіпорындарда 351 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Мәселен, “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрылған бастауыш ұйым мүшелері басшылықпен де, жұмысшылармен де өзара сенімге құрылған диалог орнатты. Осындай ашық қарым-қатынас күнделікті жұмыс барысында туындайтын көптеген мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде. Айталық, еңбекақы жұмысшыларға уақтылы төленбесе, бұл туралы партия филиалы бірден біліп, барлық мүдделі органдармен бірлесе отыра мәселені шешуге атсалысады.
Бұл бағыттағы атқарылар жұмыстың көздегені – халыққа жақын болу. Ол үшін депутаттық фракция алдына тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа үлгісіне көше отырып, есеп беру кездесулеріне қатысу, жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстарды қатаң қадағалау міндеті қойылды.
Енді “Nur Otan” партиясынан сайланған әр депутат жыл ішінде кем дегенде он рет сайлаушыларымен кездесуге, сондай-ақ, құзыретті органдарға тұрғындардың мәселесін шешу бойынша депутаттық сауалдар жолдауға міндетті. Сонымен бірге фракция партиялық жобалардың жүзеге асырылуына белсенді атсалысуы тиіс.
Мемлекет басшысы қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу қажеттігін айтып өтті. Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін тапқаны жөн.
Осы мақсатта біз өңіріміздегі барлық саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдерімен, блогерлер және тәуелсіз сарапшылармен бірлесе жұмыс істейміз. Олар тұрақты түрде өңірімізге тән түйінді мәселелерді шешуге қатысты өз ұсыныстарын айтып отырады. Біз түйткілді мәселелер мен саяси оқиғаларды талқылау мақсатында жиналып, әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде пікірлерімізді білдіреміз. Бұл елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға жол ашады.
Жолдауда халықпен тиімді кері байланыс орнатуға басымдық берілген. Өткен жылдың сәуір айынан бастап қоғамдық қабылдауларды “Бірыңғай әлеуметтік терезе” принципі бойынша жүргізуді қолға алдық. Бұл жобаны “Халыққа көмек” деп атадық. Жоба аясында тұрғындардың келгенін күтпей, оларға өзіміз барып, көкейінде жүрген мәселені ертерек білетін боламыз. Тұрғындарды қазіргі таңда қандай мәселелер толғандырып жүргенін анықтау мақсатында түрлі санаттағы топтармен кездесулер өткізу тәжірибеге енді. Бұл жұмыс өзінің тиімділігін көрсетті. Мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары мен депутаттар апта сайын партия филиалының ғимаратында қабылдаулар өткізуде. Бүгінгі таңда “Халыққа көмек” жобасы аясында 200-ден астам қабылдау өткізіліп, көтерілген мәселелердің 20 пайызы сол жерде шешілді. Жалпы, өңірлік және аумақтық қоғамдық қабылдауларға 3000 өтініш түссе, оның 31 пайызы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылды.
Сол сияқты жергілікті атқарушы орган басшыларының және депутаттық корпустың азаматтарды қабылдауы жүйелі сипат алды. Өткен жылдың тамызынан желтоқсан айына дейін жергілікті атқарушы орган басшылары мен депутаттар 1000-нан астам қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 2,5 есе көп. Қоғамдық қабылдау жұмысын үйлестірудің арқасында шешімін тапқан мәселелердің де саны артты.
Қабылдауға келген тұрғындардың дені баспана, жұмысқа орналасу және жердемақы төлеу мәселелерін шешуді сұрайды. Осыған байланысты бұл жұмыстарды ширата түсу мақсатында тұрғын үйлерді бөлу үдерісін бақылауға алып, көпбалалы аналарға төленетін атаулы көмектің бөлінуін назарда ұстайтын болдық.
Елімізде жүргізіліп жатқан адам капиталын дамыту саясаты аясында білім беру және денсаулық сақтау саласына қолдау ерекше. Өңіріміздегі он мыңнан астам мұғалімнің еңбекақысы 30 пайызға өссе, бір жарым мыңнан астам педагогтың еңбекақысы 220 мың теңгені құрайды. Ал техникалық қызметшілердің еңбекақысы орта есеппен алғанда үш есеге артты.
Дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға көбейсе, медициналық қызметкерлерді ынталандыру мақсатында жалдамалы пәтердің ақысының 50 пайызына жеңілдік жасалуда. Әр жас маманға 1,5 млн. теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Облыс орталығында медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамту үшін “Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ арқылы 1 млн.теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты қарастырылған. Бұл санаттағылар үшін бастапқы жарнаның ең төменгі көлемі тұрғын үй бағасының 10 пайызын құрайды.
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында ауылдық жерлерді білікті мамандармен қамтамасыз ету бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Аталған бағдарлама жүзеге асырылған жылдар ішінде ауылға 4500 маман аттанды. Өткен жылдың он айында ғана олардың қатарына 400 адам қосылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті жаңғырту үдерісінде де “Nur Otan” партиясына зор жауапкершілік жүктеп отыр. Сол себепті, біз ел экономикасының ырғақты дамуы мен тұрғындардың әлеуетін жақсарту жолында қажырлы еңбек етуіміз қажет.

Әсем РАХМЕТОВА,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp