
Жексенбі күні өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында “Нұр Отан” партиясы сайлаушылардың 82,15 пайыз дауысын жинап, алты партияның ішінен топ жарды. Осыған байланысты облыс орталығындағы Спорт сарайында айқын басымдылықпен жеңіске жеткен “Нұр Отан” партиясының мыңдаған белсенділері мен жақтастарының басын қосқан форум өтті.
Қуаныштарын жаңғырықтыра жар салып жеткізген нұротандықтар “Алға, Қазақстан! Жаса, Нұр Отан!”, “Бірлік! Тұрақтылық! Жасампаздық!”, “Қазақстан! Нұрсұлтан! Нұр Отан!” деп, партияларын ұлт мұраты мен ұрпақ болашағы жолында игілікті істердің жаршысы ретінде дәріптеді.
– Құрметті жерлестер! Баршаңызды “Нұр Отан” партиясының зор жеңісімен құттықтаймын! Бұл – біздің ортақ жеңісіміз! Елбасы партиясының мақсаты – елдің бірлігін, тұрақтылығын сақтау, экономиканың өсімін қамтамасыз ету. Бұл істердің барлығы партияның сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген. Құрметті жерлестер, біздің Солтүстік Қазақстан облысы әдеттегідей жоғары азаматтық жауапкершілік танытты. Солтүстікқазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясын қолдады, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Ерік Сұлтанов.
Сондай-ақ, форумда партияның белсенділері де сөз алып, рухты құттықтауларын жолдады. Еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиев: “Біздің “Нұр Отан” партиясының осындай басымдықпен жеңіске жетуінің себебі – бірлік, тұрақтылық, жеңімпаздық, жасампаздық”, – деген ойын жеткізді. Ал Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің атқарушы директоры Арыстан Жүнісов:
– Біздер – Солтүстік Қазақстан облысының сайлаушылары “Нұр Отан” партиясының адал қолдаушысы екенімізді ісімізбен дәлелдедік. Ел экономикасының тұрақты дамып, халқымыздың әлеуетінің жылдан-жылға жақсаруының бірден бір себебі – көшбасшы партияның тиімді жұмысының нәтижесі. Мен 40 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Ауыл еңбеккерлері Мемлекет басшысының ауқымды бастамаларын әрдайым қызу қолдайды. Ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып, тұрғындардың тұрмысы жақсаруда, – деді.
Форум барысында игі лебіздерін жолдағандардың қатарында гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Александр Мерк, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов, “Вода хрустальная” ЖШС-нің директоры Александр Казанцев, “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Әсемгүл Есқожа, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Екатерина Старостина болды.
Қуаныш кернеген көңілден шыққан жалынды сөздер қызылжарлық өнерпаздардың патриоттық әндерімен өріліп, форумға қатысқандардың рухын асқақтатты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.