Облыстық филармонияның өнерпаздары кезекті концертін берді. Бұл жолы көрерменге құлақ құрышын қандырған әндері мен күйлерін ҚР мәдениет қайраткері Дәмеш Құрманкина мен “Әлқисса” фольклорлық ансамблі сыйлады.
Карантиндік шаралар өнер сүйер қауымның концерттерге шығып, ән мен жырға сусындауына біраз қиыншылықтар тудырса да, мүлдем шектеген жоқ. Қазір жерлестерімізге үйден шықпай-ақ, әсем ән мен тәтті күйді тыңдау мүмкіндігі берілген. Олар күнара жергілікті өнерпаздардың жанды дауыстағы концерттерін онлайн форматта тамашалап жүр. Үстіміздегі аптада кезекті ән шашу ҚР мәдениет қайраткері Дәмеш Құрманкина мен Әлқисса” фольклорлық ансамблінен болды. Халық алдына шықпас бұрын өнерпаздар бір жарым ай бойы репертуарларын дайындаған. Осылайша музыканттар жерлестерімізге жеті күйін сыйласа, Дәмеш Құрманкина сегіз әнін орындап берді.
“Бұл жолы халық әндерін көп айттым. Жерлестеріміз сағынып қалған болар. Оның ішінде орны бөлек “Самалтауды” айттып бердім. “Әпитөк”, “Шіркін-ай” орындалды. Онлайн болғандықтан, уақыт шектеулі. 45 минутымызды барынша пайдаланып, көрерменнің көңілінен шықтық деп ойлаймыз. Алда жағдайдың түзеліп, сүйікті көрермендерімізбен жүзбе-жүз концерт залдарында кездескенімізді асыға күтудемін,” – деп атап өтті Дәмеш Құрманкина.
Оған дейін күміскөмей әнші онлайн форматта тағы бірнеше концертін беруді жоспарлап отыр. Бұндай концерттердің өтіп жатқанына өзге қалаларға көшкен жерлестеріміз де ризашылықтарын білдіруде. Айта кетейік, жергілікті өнерпаздардың құлақ құрышын қандырар әншашуларын облыстық филармонияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан кез-келген уақытта тамашалауға болады.