«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЦИФРЛАНДЫРУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

 

“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің өкілдері түрлі салалардағы мемлекеттік органдар өткізетін тестілеу рәсімдерінің ашықтығын анықтау үшін мониторинг жүргізіп, бұл үдерісті цифрландыру қажет деген байлам жасады.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин бұл мониторинг кездейсоқ өткізілмегенін тілге тиек етті. Себебі, тестілеуді өткізу үдерісі толық электронды үлгіге көшпегендіктен, сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудырады. Мәселен, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының сыбайлас тәртіп бұзуына осы олқылық түрткі болған.

Жалпы облыс бойынша тестілеуді жеті мемлекеттік мекеме әлі күнге дейін қағаз түрінде өткізеді. Мәселен, жуырда таратылған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тест тапсырмаларын өздері құрастырыпты және ол мекеме қызметкерлері үшін қолжетімді. Сонымен қатар тестілеу барысы орталықтан бақыланбайды, бейнекамераға жазылмайды. Мұндай жағдай барлық ведомстволарда да орын алған.

Арнайы мониторингтік топтың мүшесі Вадим Мусиннің айтуынша, тестілеу үдерісін цифрландыру арқылы оны тапсырушылармен байланыс жойылады. Олай болмаған жағдайда тұрмыстық сыбайлас жемқорлық белең алуы мүмкін. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында теориялық емтихан колледжде қағаз түрінде қабылданады. Өткен жылы 165 адам емтихан тапсырыпты.

Бұл жағдайды оңалту үшін облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов бірқатар нақты шаралар ұсынып отыр.

– Ең алдымен, электронды тестілеуді өткізу тәжірибесін қолдану қажет. Тестілеу үдерісін бастан аяқ фото және видеоға түсіріп, орталық органдар үшін онлайн-трансляция ұйымдастыру керек. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға тестілеудің барлық түрлерін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұлттық тестілеу орталығы базасында өткізуді ұсынамыз, – деді Амангелді Сатанов. Бұл онлайн бақылау жасай отырып, тестілеуді орталықтандыруға, жекелеген мамандарға жүктемені азайтуға және қызметтік ғимараттарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

 

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp