Ақмола облысының 23 жастағы тұрғынының Петропавл қаласындағы мас күйіндегі «түнгі серуені» сотқа дейінгі тергеумен аяқталды.
Ол облыс орталығына қыркүйек айының басында келіп, құрылыс ұйымына жұмысқа орналасқан. Қаламыздың қонағы түнде жалға алған пәтеріне келе жатып, Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы екі шамды сындырған. Ал үшінші шамның қалпағын бұрап алып, үйіне кетіп бара жатқан жолда оны патрульдік полиция батальонының инспекторлары полиция лейтенанттары Саян Тұрсымбаев пен Дулат Жақин ұстаған. Ол бұзақылық әрекетін мас күйде жасадым деп ақталған. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу туралы шара қабылданды.