Бұрнағы күні Петропавлдағы Орталық алаңда облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен жаңажылдық бас шыршаның шамы жағылды.
Мерекелік кеш Аяз ата мен Ақшақарға ерген ертегі кейіпкерлерінің шеруімен басталып, күміс түсті жамылғы киген жастар флешмоб өткізді. Денесі қызып, бойы жылыған жұртшылықты мерекемен құттықтаған өңір басшысы Ерік Сұлтанов қызылжарлықтарға мықты денсаулық, отбасылық береке тіледі.
Өңір басшысы ертегі әлемінде жүргендей күй кешкен балғындарға: “Сендер – елдің болашағысыңдар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпаққа зор үміт артады. Ата-аналарыңның бастамаларын жалғастырып әрі нығайтып, елдің жетістіктерін еселеу сендерге жүктелмек. Әрбіреуің жарқын болашақ үшін жақсы оқып, елдің лайықты азаматы болуларың керек”, – деді. Осыдан кейін облыс әкімі бас шыршаның шамын жақты.
Орталық алаңға әсемдік сыйлаған 18 метрлік шырша 60-тан астам түрлі түсті шамдармен безендірілген. Анадайдан көз тартар бұл шамдар жағылысымен көпшілік би билеп, ән салып, ертегі кейіпкерлерімен суретке түсті. Сондай-ақ, тұрғындар түрлі түсті мерекелік от шашуды да тамашалады.
Шара соңы қаланың шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.