Дүниежүзіндегі көпұлтты мемлекеттердің қайсысында болсын оның тұтастығының, азаматтарының алаңсыз тұрмысының кепілі – этностардың рухани келісімі. Демек, біздің мемлекетіміздің де берік іргетасының негізі – ұлттардың тату-тәтті тұрмысы, толеранттығы. Осындай бірлік пен ынтымақтың қазақстандық үлгісін әлем жұртшылығы танып, біліп отыр.
Мұндай ынтымақ пен бірлікті біздің ауданның мысалынан да байқау қиын емес. Атап айтқанда, бізде өзінің ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтап, айғақтап отырған он төрт этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар ауданымызда да, сонымен бірге облысымызда да өткізілетін мемлекеттік, ұлттық-мәдени шаралардың бәріне қатысып, өздерінің салт-дәстүрлерін, өнерін өзгелерге тарту етіп жүр. Осы шаралардың темірқазығы – Елбасымыз ұсынған «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»; «Бір ел, бір халық, бір тағдыр» идеясы. Бұл идеяның түпкі мақсаты – «Мәңгілік Ел».
Жыл басынан бері барлық ауылдық округтерде Ассамблеяның 20 жылдығына арналған салтанаттар ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің концерттері ұсынылып қана қоймай, әр ұлттың салт-дәстүрлері паш етілді, қолданбалы және қолөнер шеберлерінің көрмелері орналастырылды.
Ауданымызда отыздан аса ұлт өкілдері тұрмыс құрып, әрқайсысының ұлттық мерекелерін өзге этностар бірге тойлайды. Міне, халықтар достығының салтанат құруының айғағы деп осыны айту керек.
Біздің үлкен қуанышымыз – он екінші қараша күні ауданымызда тағы да екі этномәдени бірлестіктің шаңырақ көтеруі. Бұрынғыларға «Горлинка» славян этносының және «Мақсат» қазақ ұлтының бірлестігі қосылды. Бұл этномәдени бірлестіктер осы күні ауданымызда өткен «Үлкен ел – үлкен шаңырақ» форумында есік ашты.
Желтоқсанның алғашқы жұлдызы – біздің еліміздің басшысы, әлем таныған жасампаз мемлекеттік қайраткер Тұңғыш Президентіміздің күні. Біздің зайырлы қоғамымыз өзінің бүкілхалықтық сенімге ие болған, сол халқына бар жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан Елбасын құрмет тұтады, оның тұлғасын мақтан етеді. Барша қазақстандықтар сияқты біз де Мемлекет басшысының құрметіндегі осы күнді төл мерекеміз деп білеміз.
Мейрам РЫСБАЕВ,
«Мақсат» этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Мағжан Жұмабаев ауданы.