«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАШАСЫНА ШАҢ ЖҰҚПАДЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы “Қа­за­нат” ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен “Елбасы ку­богі” республикалық турнирі өтті. Жалпы жүлде қоры 20 млн. тең­гені құраған жарыста еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық шабандоз бақ сынады.

Жарыс бағдарламасына сәй­кес қатысушылар 9 шақырымдық құнан бәйге, 7 шақырымдық жор­ға жарыс, 16 шақырымдық кіші ала­ман және 25 шақырымдық ала­ман бәйге бойынша сынға түсті. Аталмыш додада солтүстікқазақ­стандық шабандоздар өңір намы­сын қорғап, үздіктер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, жорға жарысында Қызылжар ауданы­ның шабандозы Евгений Чиби­сов­тың “Филипс” атты сәйгүлігі ша­шасына шаң жұқтырмай, мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал “Реваншты” тізгіндеген Ирина Варапаева екінші орынға ие болды.

Жарыс қорытындысына сәй­кес жерлестеріміз кубоктармен және медальдармен марапат­тал­ды. Сондай-ақ, шабандоздарға 500 және 300 мың теңгенің серти­фикаттары табысталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp