“Botaı – Uly dala mádenıetі” атты халықаралық симпозиум аясында қылқалам шеберлері “Березка” сауықтыру лагерінде Петропавлдағы өнер колледжінің студенттері үшін шеберлік сағатын өткізді.
Айтулы шара барысында біздің еліміз бен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген қылқалам шеберлері сурет салып қана қоймай, жастармен кездесу ұйымдастырып, өз шығармашылықтарымен таныстырды. Сауықтыру лагерінде өткен осындай шара барысында алматылық Шамиль Гулиев пен өзбекстандық Алишер Хамидов өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Бұл өңірдің табиғаты ерекше. Сондықтан әсем табиғат менің шығармашылығыма шабыт береді. Орман-тоғайға бай өңірдің жайқалып өскен жасыл желегі табиғаттың тамаша көрінісі емес пе? Бұл өңір маған ерекше ұнайды, – дей келе Алишер Хамидов мұнда ол бірнеше рет келгенін айтып, жол бойы жазық даладан алған әсерін қағаз бетіне түсіргенін жеткізді.