Коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша шектеу шараларының күшейтілуіне байланысты облыс аумағында 9 қарашадан бастап облыс орталығына кіруге қатысты шектеулер енгізілді. Петропавл қаласының айналасына бес карантиндік бекет орнатылды, оның біреуі Қызылжар ауданының аумағында орналасқан. «Халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, қалаға медициналық көрсеткіштер бойынша келетіндер, тиісті растау құжаттары бар жұмысқа келушілердің жүріс-тұрысы шектелмейді. Қалған азаматтарда ПЦР-тест болуы тиіс», – деді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Жалпы облыс аумағында 12 карантиндік бекет бар. Бекетте кезекшілік атқаратын полиция қызметкерлері рұқсатты планшеттер арқылы тексереді, ал белгілі бір себептермен базаға уақтылы тіркелуге үлгермеген азаматтарда жұмыс орнынан анықтамасы болуы тиіс.