Сот шешімі – заңмен көзделген өзіндік құрылымы бар ресми құжат. Оның арғы жағында адам тағдыры тұр. Осы себепті судья істі мұқият және толыққанды зерделеп барып қана шешім қабылдайды. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, жеті рет өлшеп, бір рет пішеді. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов: “Қарап отырсақ, шешімдердің көлемі үлкен. Оның ішінен керек дүниені табу көп жағдайда қиындық тудырады. Сондықтан біз әр шешімнің логикалық құрылымы болуға тиіс деген талап қойдық”, – деген болатын. Сот шешімдерін тараптарға дұрыс түсіндіру – судьялардың сөз өнерін шебер меңгеруімен, кәсіби біліктілігімен тығыз сабақтас. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда тараптар іс бойынша шығарылған шешімді дұрыс түсінбей, қайтадан арызданып жатады. 2018 жылдан бастап Жоғарғы сот судьяларға шығарған сот шешімдерін түсіндіру жүйесін енгізді. Судья сот шешімін жариялағаннан кейін қабылданған шешімнің мәнін, дәлелдерін және құқықтық салдарын түсіндіруге тиіс.
Қазақ халқы әманда сөз қадірін білген. Әр сөзді ойланып барып айтып, орнымен қолданған. Сөз байлығы жағынан халқымыз өте бай. Ақты – ақ, қараны қара деген. Қара қылды қақ жарып, әділдігін айтқан. От ауызды, орақ тілді шешендеріміз бен билерімізді еске түсірсек, қандай да бір шиеленіскен дауларды сөз өнерін қолдана отырып, әділ шеше білгенін көреміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні арқылы халықты сүттей ұйытқан, әділдікке бас игізген. Бүгінгі судьялар көне заманнан күмбірлеп жеткен, арттарына ұлағатты өсиеттер қалдырған данагөй абыздарымыздың жолын жалғастыруды басты парыз санайды.
Сот шешімін түсіндірудің мақсаты – халықтың сотқа деген сенімін арттыру және сот жүктемесін азайту. Бұл орайда тараптардың ойлау, қабылдау деңгейлері әртүрлі екенін ескеру өте маңызды. Сөз неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым түсінікті болары сөзсіз. Сот шешімін дұрыс тиянақтай білудің негізгі мәні де осында. Судьяның сөз өнерін жетік меңгеруі сот шешімінің нақты және түсінікті тілде жеткізуіне негіз болады. Сондықтан судьяның бойында сөз өнері мен кәсіби біліктілік тығыз ұштасуы шарт. Мұны заман талабы десе де болады.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьялары сот шешімін жариялағаннан кейін міндетті түрде оны тараптарға нақты түсіндіруге ұмтылады. Сот шешімін тігісін жатқызып жеткізу істің әрі қарай қалай жалғасатынына әсер етеді. Сот шешімі мазмұны жағынан оқылуға оңай әрі жеңіл тілмен жазылса, ұғынықты келеді. Аталған соттың судьялары осы талаптарды үнемі назарларында ұстайды.
Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық соттың төрағасы.