Облыс әкімі, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов жеке қабылдау өткiздi. Онлайн режімінде өткен қабылдауда тұрғындар баспаналы болу, жеке кәсіп ашу және ат спортын дамыту сияқты өзге де мәселелерді қозғады. Өңiр басшысы барлық сауалдар бойынша тиiстi басшыларға тапсырмалар берiп, олардың шешiлетiнiн жеткiздi.
Бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұрып жатқан Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Мороз “Жас өркен” шағынауданында бой көтерген 18 қабатты тұрғын үйдегі баспаналарды бөлу механизмі туралы сұрады. Өңір басшысы қала әкімі Болат Жұмабековке аталмыш мәселені жеке бақылауына алуды тапсырды. Құмар Іргебайұлы пәтерлердің төмен бағамен бірінші кезекте баспанаға мұқтаж және жеке үйі жоқ азаматтарға берілуі керектігін атап айтты.
Жамбыл ауданындағы “Екпін” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Екпін Әбиев тас жол бойында дәмхана ашу бойынша рұқсат қағаздарын рәсімдеуге көмек сұрады. Облыс әкімі жеке кәсіпкердің өтініші аяқсыз қалмайтынын жеткізді.
Өңір басшысынан көмек сұрай келгендердің бірі – Азамат Тілеубергенов. Облыс орталығындағы Жамбыл көшесі бойындағы 44-үйдің тұрғыны баспанаға электр желісін тарту және ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары туралы шағымын жеткізді. Мердігер компания бұл жұмыстарды кепілдендірілген міндеттемелер шеңберінде шешетін болады.
Онлайн қабылдау барысында ұжымдық өтініш жасағандар да болды. Петропавл халықаралық әуежайы банкрот деп танылудың аз-ақ алдында тұр. Елімізде карантиндік шектеулер енгізілгелі әуежайдың жағдайы қиындаған. Қазір компания қызметкерлеріне еңбекақы бойынша 24 млн. теңге шамасында берешек. “Кәсіпорын “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансына өтеді. Яғни, мемлекет өз меншігіне алады. Біз келер жылдың бюджетіне әуежайды ұстауға қажетті қаражатты енгіздік. Барлық шығын жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Нәтижесінде әуежай сақталып, рейстер санын ұлғайту мүмкін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан кейін Қызылжар ауданындағы Бугровое ауылының тұрғыны Ерлан Желкібаев елді мекенде жеке шаруашылық ашу жоспарын айтты. Бірақ бұл мақсатын жүзеге асыру үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Мәселемен танысқан Құмар Ақсақалов ауданның әкімі Жанат Сәдуақасовқа болашақ кәсіпкерге қолдау көрсетуді тапсырды.
Әлемдік пандемия Бескөл ауылындағы “Құлагер” ипподромы жұмысының жандануына да кедергі келтіруде. – Біз атшабарды сақтап, өңірімізде ат спортын насихаттауды жалғастыруымыз керек. Қызылжар ауданының әкімі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына аталмыш мәселені назарда ұстауды тапсырамын, – деді онлайн қабылдауды қорытындылаған Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.