«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШОЛПАН МЕН ДУЛАТ – жыл үздіктері

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында 15-ші театр маусымының жабылуына орай “Театр – менің өмірім” атты концерт өтті.

Театр ұжымы көрермендер назарына жыл бойы қойылған спектакльдерден үзінділеркөрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынды. Концертте дәстүрлі әннен бастап, классикалық туындыларға дейін орындалды.  

Шымылдық театрдың өткен маусымында ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдық мерейтойына орай сахналанған “Өйтпесе, Мағжан бола ма?” қойылымынан көрсетілген шағын үзіндімен ашылды. Оның авторы – Дулат Исабеков, қоюшы-режиссері – Марат Ахманов.

Осы театр маусымында жаңа актерлік құраммен көрсетілген қойылымдардың бірі – “Бір түп алма ағашы”. Қоғамда орын алған өзекті мәселелерді суреттейтін спектакльдердің бірегейі. Қойылым жүректің қылын қозғап, өмірде орын алған әділетсіздік пен туған-туысқандарды ажыратқан кикілжіңді суреттейді. Осы сынды қиын отбасылық мәселелерді болдырмаудың жолын үйрететін тәлімі мол қойылымнан да үзінді көрсетілді. Тахауи Ахтановтың “Күшік күйеу” комедиясы да өңдеуден өткен. Концерт барысында оны да көрермен назарына ұсынды. Басты кейіпкерді сомдайтын Дулат Тәшкеннің рөлі сәтті шыққан бейнелердің бірі десем, артық айқаным болмас. Дулат Тәшкен көрерменге “Қыз Жібек” трагедиясында Төлегеннің бейнесімен және Түнжер Жүжженоғлының “Тығырық” (қоюшы- режиссері – Б.Шамбетов) пьесасында Спандияр рөлімен таныс. Көбінесе трагедиялық бейнелерді сомдайтын жас актерді “Күшік күйеудегі” комедиялық образ – Бекболаттың рөлінде көру таңғалдырмай қоймайды. “Актер сан қырлы болуы тиіс” дегенді, осы сахнагердің мысалынан-ақ көруге болады.  

Өнерсүйер қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алған Ғабит Мүсіреповтың “Қыз Жібек” спектаклі қызылжарлық көрермендердің де сүйіспеншілігіне бөленгені анық. Аталмыш концертте бұл қойылымнан да үзінді сахналанды. Қойылымның бірінші актерлік құрамында басты рөлді сомдайтын театрдың директоры, актер Біржан Жалғасбаевты Бекежан рөлінде осы жолы көре алмасақ та, онымен Жібектің бейнесін сомдаған актриса Самал ТәшімованЫң рөлі өткен театр маусымында ең сәтті шыққан актерлік ансамбль дер едік.

Концерт барысында қойылымдардан үзінділерден басқа, театр сахнагерлерінің дайындаған музыкалық шығармалары театрдың шағын симфониялық оркестрінің (С.Имашбаев) сүйемелдеуімен орындалды.

Кезекті театр маусымының жабылуымен өнер ұжымын облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан әкімнің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтап, театрдағы ұзақ жылдардағы еңбегі үшін актер Болат Мамытбековке облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстаса, тігін цехының қызметкері Мәриям Жапашеваны Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, жыл актері мен актрисасы да анықталды. Жыл актрисасына берілетін Сәбит Мұқанов атындағы сыйақы Шолпан Айтибаеваға бұйырды. Ал жыл актері – “Өйтпесе, Мағжан бола ма?” спектаклінде Мағжан бейнесін сомдаған Дулат Тойбазаров, оған Мағжан Жұмабаев атындағы сыйақы табысталды.

Театр ұжымына облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp