Ботакөз Мұхамеджанова еліміз азаттығын алған жылы ұстаздықтың қиын да қызықты жолына түсіп, өзінің туған жері Жамбыл ауданындағы Баян орта мектебінде еңбек ете бастады. Бүгінде Петропавл қаласындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатып жүр. Ширек ғасыр бойы бүлдіршіндерді тәрбиелеп, оқытумен айналыса жүріп, талай ұйқысыз түндерді өткергені әлі ұмыт болған жоқ. Ол кезде қазіргідей техниканың дамыған шағы емес, барлық көрнекіліктерді ұстаздар өздері жасайтын. Осы ұлы жолда қаншама тер төгіліп, еңбек сіңірді, енді қайтып мектепке келместей болып шаршаған, қажыған күндері де аз емес. Алайда, солардың бәрінен сүйікті ісіне деген махаббат, шәкіртке деген ыстық сезім, балғындардың бойына білім мен ғылымның жауһарын жинап, орта буынға топшыларын қатайтып ұшырған сәттері жоғары тұрды.
– Ата-анамның жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдағаныма бүгінде қуанбасам ренжімеймін. Осы уақытта жеткен жетістіктерім де баршылық. Өткен жылы гимназияішілік ұстаздар сайысында “Жыл мұғалімі – 2016” атағына ие болдым. Оқушыларым дарынды балалар байқауларына, олимпиада, зияткерлік ойындарға белсене қатысып, жеңістерімен қуантып жүр. Талант пен білім нәрін бойларына сіңірген шәкірттерімді мақтан етемін, – деген Ботакөз Әскерқызы оқушыларды еңбексүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелейтінін айтты.
Шәкірттерін үлкен өмірге білікті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ғылыми терең, қисынды ойлайтын, іскерлік танымы қалыптасқан, жауапкершілігі мол, эстетикалық талғамы биік, шығармашылық ұстанымы бай тұлға етіп шығаруға баса назар аударады. Оқу үдерісінде оқушы қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.
Ұстаз өз тәжірибесімен қала, облыс бойынша әріптестерімен шеберлік сыныптары, семинарлар, әдістемелік журналдардағы мақалалары арқылы бөлісіп отырады. Соңғы жылдары “Мектепалды даярлық тобына арналған әдістемелік құрал”, “Қызықты грамматика”, “Дүниетанудан 3-сыныпқа арналған жұмыс дәптері”, “Бастауыш сыныптарда тиімді әдістерді қолданудың жолдары” сияқты әдістемелік құралдарын шығарған. Ол құралдардың әр жас маманға берері мол.
“Бастауыш сыныптардағы үздік әдістемелік-дидактикалық құралдар” атты облыстық байқауда “Үздік оқу-әдістемелік құралдар”, “Үздік оқыту және дамыту ойындары” аталымдары бойынша I дәрежелі дипломдарға ие болған. “Үздік диагностикалық материалдар” аталымында III дәрежелі дипломмен марапатталған.
Ботакөз Әскерқызы ұстаздық еңбегі үшін қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасына ие болса, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы бастауыштың балғындарын баптағаны үшін Алғыс хат табыстаған.
Бұл – Ботакөз Мұхамеджанованың ұстаздық жолдағы жетістіктері. Оның білім жүйесіне бергенінен әлі де берері көп. Сондықтан ол осы жолда тынымсыз еңбек етуде.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.