Биыл – халқымыз үшін мерейлі жыл. Өйткені, ұлтымыздың мақтанышына айналған асыл тұлғаларды ұлықтауға зор мүмкіндік туып отыр. Бұған дәлел, қазақтың кемеңгер ақыны – Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай еліміз бойынша түрлі әдеби шаралар мен байқаулар өтуде. Әл-Фараби мектеп-лицейі шәкірттерінің білім сынақтарынан шет қалып көрген күні жоқ. Жуырда “Sana” интеллектуалдық білім порталының ұйымдастыруымен өткен республикалық “Абай Құнанбайұлына – 175 жыл” байқауында мектебіміздің оқушылары жеңімпаздар легінен көрініп, абыройымызды асырды.
“Абай бейнесі” аталымы бойынша сынға түскен шәкірттеріміздің арасында Жансая Махатова үздік өнер көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Асылхан Маратұлы екінші орынды иеленсе, Мұхамедияр Мұқаш жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады. “Абайға хат” аталымында өнер көрсеткен Арна Ерденоваға да үшінші орын бұйырды. Осы аталымда бақ сынаған 5 “Ә” сыныбының оқушысы Анеля Оразбаева жүлделі екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, 8 “А” сынып оқушысы Нұрым Жұмабай Ұлы ақынға арнау жазып, осы аталымда екінші орынға лайық деп танылды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
Әл-Фараби мектеп-лицейінің мұғалімі.