Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының бір бағыты – электронды сауда. Бұл еліміздің күллі экономикасының қозғаушы күшіне айнала алады. Интернет-бизнес – қаржы мен уақыт үнемдеудің тиімді жолы. Қазақстандағы е-коммерцияның дамуы жыл санап артуда. Осы орайда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңына сәйкес жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына алынған мүлікті есепке алуды, сақтауды және одан әрі пайдалануды электронды сауда-саттық арқылы жүзеге асырады.
Сауда-саттықтың электронды нысаны коммуналдық мүлікке жатқызылатын жекешелендіру объектілерін сату бойынша аукциондарды өткізуге мүмкіндік береді. Оған кез келген жерде орналасқан ниет білдіруші қатыса алады және бұл өз кезегінде сауда-саттықтың ауқымын кеңейтуге, процесті жылдамдатуға мүмкіндік береді. Біздің департамент айына кемінде бір рет электронды аукцион өткізеді. Онда мемлекет кірісіне түскен мүлік сатылады. Алдымен олар төлемсіз негізде мемлекеттік заңды тұлғаларға, содан кейін жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға ұсынылады. Тек содан кейін ол бағаны көтеру және төмендету әдістері бойынша сауда-саттыққа шығарылады.
Сауда-саттықты ұйымдастырушы аукцион туралы хабарламаны он бес күн бұрын қазақ және орыс тілдерінде мерзімді баспа бетінде жариялайды. Электронды сауда-саттық www.gosreestr.kz веб-порталында жүргізіледі. Оған қатысу үшін электронды цифрлық қолтаңба болуы қажет. Мүлікті сатып алуға өтінімдер, сондай-ақ, аукционға тіркелу электронды түрде қабылданады. Жеке және заңды тұлғалар үшін сайтқа кіріп, өзіне қажетті мүліктермен алдын ала танысу мүмкіндігі қарастырылған. Лоттың нөмірі және мүліктің атауы бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін белгіленген бағаның 15 пайыздық кепілдік жарнасын аудару қажет.
Аукцион залында электронды аукцион Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбіден бастап жұманы қоса алғандағы кезеңде өтеді. Электронды аукцион Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 10.00-ден бастап сағат 17.00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі. Электронды аукцион сағат 15.00-ден кешіктірілмей басталуы тиіс. Сауда-саттық веб-порталдағы “Аукцион залында” өтеді. Егер сіз тауардың бағасына қанағаттансаңыз, онда “ағымдағы баға ұсынысы” жолында “растау” түймесін басыңыз. Аукцион жеңімпазы электронды хаттамаға қол қоюы тиіс. Қол қойылмаған жағдайда аукцион өтпеді деп есептелінеді. Ал кепілдік жарна мемлекет кірісіне өтеді. Сауда-саттыққа қатысқанымен, жеңіске жетпегендердің кепілдік жарнасы жеке кабинетте көрсетілген есеп-шотқа қайтарылады.
Аукцион жеңімпазы 30 күнтізбелік күн ішінде тауардың құнын толық өтеуі қажет. Кепілдік жарна сатып алынған тауардың төлеміне кіреді. Толық төлем жүргізілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде сатып алынған мүлікті алып кету керек. Көрсетілген мерзім бұзылған жағдайда бұл мүлік қайтадан сауда-саттыққа шығарылады. Мүлікті беру үш данада жасалатын қабылдау-беру актісі негізінде жүзеге асырылады.
Далабай ҚАБДУАЛИЕВ,
мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
департаментінің бас маманы.