“Qyzyljar” телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифингте мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру жайлы сөз қозғалды. Әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің басшысы көрсететін мемлекеттік қызмет түрлеріне тоқталды.
Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты департамент мамандары мемлекеттік қызметтің 12 түрін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетеді. Ал бір қызметтің ерекшелігін ескере отырып, құжаттар тікелей департаментке ұсынылады. “Қазақстан экономикасын технологиялық жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру болып табылады. Осылайша, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, әлеуметтік көмек алуды барынша ашық және қолжетімді етуге мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда аталған салада бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылған, оған министрліктің барлық қызмет салаларындағы 11 ақпараттық жүйе кіреді”, – деген департамент басшысы деректер базасының өзектілігі ұлттық анықтамалық базамен, мемлекеттік органдардың ведомстволық ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы онлайн режімде қамтамасыз етілетінін айтты.
Қазіргі таңда департамент көрсететін қызметтердің жетеуін “Электронды үкімет” порталы арқылы алуға болады. Олардың қатарында жерлеуге арналған біржолғы төлем, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау бойынша қызметтер бар. Сонымен қатар бес қызмет проактивті түрде көрсетілетінін де атап өткен жөн.
Мереке Мұхамедьяров атап өткендей, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент 14265 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 1077-сі – “Электронды үкімет” порталы арқылы, ал 1121 қызмет проактивті түрде көрсетілсе, мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері арқылы – 8861, департамент мамандары 3206 қызмет көрсетті.
“Карантин кезінде департамент мамандары қағаз түрінде ұсынып келген қызметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылдың 25 наурызындағы №109 бұйрығына сәйкес “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы берілген электронды өтініш негізінде жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау және мүгедектікті белгілеу бойынша 1290 қызмет көрсетілді”, – деді департамент басшысы.
Баспасөз мәслихатында сөз алған мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Айсұлу Оразбекова тұрғындар арасында электронды қызметтерге сұраныс артып, 92,5 пайызды құрағанын жеткізді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69 пайызға көбейген.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.