«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭНЕРГЕТИКТЕРДІҢ СӘБИЛЕРГЕ СЫЙЫ

Облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде “Алақай” балабақшасы пайдалануға берілді. Жекеменшік инвестицияның есебінен бой көтерген балабақша 320 балғынның мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуына жол ашып отыр. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов көпшіліктің қуанышына ортақтасты.

– Бүгін қала тұрғындары ерекше қуанышқа бөленуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында заманауи үлгідегі жаңа балабақшаны пайдалануға беріп, осындай жарқын сәтке куәгер болып отырмыз. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақ өкілдері үшін көптеген заманауи балабақшалар бой көтеруде. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасының және “Қазақстан – 2050” Стратегиясының арқасында жүзеге асырылуда. Біз 2017 жылы өңірімізде балабақшадағы орын тапшылығын шешуді көздеп отырмыз. Тек биылғы жылдың өзінде ғана 1148 балғын балабақшамен қамтылды, – деген Ерік Хамзаұлы балабақша ұжымына “Toyota Corolla” автокөлігінің кілтін табыстады.  

Содан кейін өңір басшысы салтанатты түрде жаңа балабақшаның лентасын қиып, жаңа ғимараттың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Онда бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Балаларға тәрбие мен білім беруді 26 білікті педагог жүзеге асыратын болады. Кешенде білікті мамандар бүлдіршіндерді музыкаға, бейнелеу өнеріне және биге де баулиды.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында нысанның құрылысына 800 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсаған “СолҚазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Леонид Лавриктің айтуынша, тұрғызылған балабақшаның мердігері – астаналық “Ақмола энергия жөндеу” ЖШС-і. Үстіміздегі жылдың наурызында басталған құрылыс алаңында 70 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда қала тұрғындарының балаларымен қатар, “Сол ҚазЭнерго” АҚ қызметкерлерінің 160-қа жуық балғын тәрбиеленетін болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp