
Күн тәртібінде ЕАЭО аясында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары арасында жаңа байланысты қалыптастыру және қалыптасқан ынтымақтастықты нығайту, туризмді дамыту, “ауылдан – ауылға” форматында шекара маңындағы ауылдық аймақтар кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты кеңейту және басқа да өзекті мәселелер көтерілді.
Жиынға Ресей Федерациясының Қорған, Омбы, Түмен, сондай-ақ, Қазақстанның Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарынан 400-ден астам мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор және іскерлік орта өкілдері қатысты.
Форум жұмысына облыс әкімі Ерік Сұлтанов, Ұлттық комиссия мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Ұлттық экономика, Инвестиция және даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері қатысты. Форумның басында өңір басшысы Ерік Сұлтанов пен құрметті қонақтар Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкер әйелдері басқаратын кәсіпорындар шығарған өнімдер көрмесімен танысты. Көрмеге “Қазақстанда жасалған” деген белгісі бар 32 кәсіпорынның өнімдері қойылды. Оның ішінде ұн, сүт, бал, ет, дәмді тағамдардың бірнеше түрі, ұлттық ою-өрнекпен көмкеріліп, сәнді етіп тігілген киімдер, әр жастағы оқушыларға арналған мектеп формалары, аяқкиімдер, сувенирлік қарулар бар.
Форумды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко ашып, еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде маңызды нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.
– Экономика біртіндеп жаңғыртылып келеді, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) дамыған елдер деңгейіне шығу үшін “Нақты 100 қадам” Ұлт жоспары іске асырылуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 20 қазанда өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХII форумында “Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ Ұлы Жібек жолын жандандырудағы шешуші буын болып табылады”, деп ерекше атап өтті. Бұл қадамдардың барлығы жарқын болашақ, кемел келешек үшін істеліп отырған ауқымды жұмыстар,– деді Елена Ивановна.
Форумда сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов 25 жыл ішінде облыста болған оң өзгерістерге тоқталды. Өңір басшысы әйелдердің экономиканың барлық саласында биік белестерді бағындырып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес”, деген болатын. Мемлекет әйелдердің өз бастамаларын жүзеге асыруына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Елімізде әйелдер табысты еңбек етіп қана қоймай, қоғамдық-саяси өмірде белсенділік танытуда. Бүгінгі форумда шекара маңындағы бизнесті, туризмді, іскерлік байланысты дамытудағы әйелдер үлесі қарастырылатын болады. Шекаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту бағытында осындай шаралар өткізудің маңызы зор. Бұл кездесу көптеген мәселелерді табысты шешуге мүмкіндік береді деген сенімдемін, – деген өңір басшысы форум жұмысына табыс тіледі.
Қазақстанның қарышты қадаммен алға басып, дамыған елдермен терезесін тең еткен жас мемлекетімізде әйелдердің алар орны ерекше екенін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечина айта келе, форумды Қазақ елінің талай алыптары туған қасиетті Қызылжар өңірінде өткізген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Залға жиналған қалың қауым Омбы облысының экономика министрінің орынбасары Анна Негодуйконың сөзін ықылас қоя тыңдады. Анна Валерьевна аталмыш облыстағы оң өзгерістерге тоқтала келе, “Кәсіпкер ана” атты жобаның бірнеше жылдан бері жақсы дамып келе жатқанына тоқталды. Үйде бала бағып отырған жас аналарды кәсіпке тарту үшін жасалған жобаның басты мақсаты – әлеуметтік қолдау көрсету арқылы әйелдер үшін жаңа жұмыс орындарын ашу.
Өңір басшысының орынбасары, облыс әкімдігінің жанындағы әйелдер және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Анархан Дүйсенова Елбасының сындарлы саясаты арқасында елімізде кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан ауқымды істерді тілге тиек етіп, облысымыздағы әйелдердің әр салада қажырлы еңбек етіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген жемісті жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, ол Елбасының ұсынысымен өткізілетін ұлттық “Мерейлі отбасы” байқауы, Отбасы күні мерекесіне тоқталып, осындай игі шаралардың барлығы шаңырақтың биік, керегенің кең болуына бағытталғанын баяндады.
Қазақстанның шағын және орта бизнес секторындағы кәсіпорындардың 44,2 пайызын әйелдер басқарады.
Форумда сөз сөйлегендер ЕАЭО аясында ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді атап өтті. Арнайы сессия бірлескен туризмді дамыту мәселесіне арналды. Форумда бірлескен жобаларды іске асырудағы проблемалар, оны шешу мүмкіндіктері көбірек талқыланғанын атап өткен жөн.
Форум қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды. Ұйымдастырушылардың ұсынысы бойынша төртінші форум Ресейдің Омбы қаласында өтетін болып ұйғарылды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсіргендер
Амангелді БЕКМҰРАТОВ, Талғат ТӘНІБАЕВ.