«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСКЕР ӘЙЕЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ

Кеше “Саясаткер әйелдер клубы” өзінің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиналысты жүргізген облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова бүгінгі таңда әр сала бойынша әйелдер қауымының қол жеткізген жетістіктерін айтып, алар асулар әлі алда екенін тілге тиек етті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауын жария етті. Бұл Жолдауды барлық мүмкіндіктерімізді іске қосуды талап еткен экономикалық құжат деп қабылдауға тиіспіз. Қазақстанның болашақ даму жолының бағыт-бағдары айқындалған Жолдаудың жүзеге асуына барлығымыз бір адамдай атсалысуымыз керек, – деді Анархан Қалиқызы.

Облысымыздың белсенді қыз-келіншектері жиналған кездесуде әр ауданнан келген іскер әйелдер өздерінің ел экономикасының дамуына қосқан сүбелі үлестері жайында айтып, уақытша қиындыққа төтеп беру үшін, ең бастысы, ерінбей еңбек ету керектігін атап көрсетті. Облыстық “Саясаткер әйелдер клубының” төрайымы Бақытжан Сәмиева бүгінгі әйел отбасы, ошақ қасындағы асыл жар, аяулы ана ғана емес, еліміздің көркеюіне өзіндік үлес қоса алатын азамат екеніне ерекше тоқталып өтті.  

Жиын барысында Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының 20 жылдығына арналған жаңа кітаптың тұсаукесері болды. Астана қаласында басылып шыққан “Қазақстанның қанатты әйелдері” атты кітаптан облысымыздағы әр салада жұмыс істеп жүрген үздік әйелдер жайында оқуға болады.

Жиын барысында жұмыла еңбек етіп, жақсы нәтижеге жеткен бір топ азамат облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан Алғыс хатпен марапатталса, ардагерлерге ерекше қошемет көрсетіліп, гүл шоқтары табыс етілді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp