«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАБЕҢНІҢ АУЫЛЫНДА

Жаңажол ауылы – ұлт тарихы мен әдебиетінің қос тұлғасын тоғыстырған қасиетті мекен.

Бірі – елге елеулі, халық анасы атанған Ұлпан болса, екіншісі – қазақ әдебиетінің қаламгері Ғабит Мүсірепов.

Жаңажол облыс орталығы Петро­павлдан 200 шақырымдай қашық жатыр. Жолдың сапасы нашар, сол себепті ауыл­ға жеңіл көлікпен үш сағат шамасында жетуге болады. Бүгінде мұнда 280 тұрғын, 71 үй бар. Бұрынғы кеңшар орталығы болған елді мекеннің тіршілігі бүгінде бірқалыпты. Мектеп, фельдшерлік пункт, су тарату нүктесі, дүкендер мен бірнеше шаруашылық жұмыс істеп тұр.

Ауыл тұрғындары Ғабит Мүсіреповтің туған өлкесінде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтады. Солардың бірі – Айдар­хан Мәшіков. Оның айтуынша, жазушы ауылға жиі келіп тұрған, халықпен емен- жарқын араласқан. «Ғабең келген сайын ауыл той-думанға айналатын. Өте бай­салды, сабырлы жан еді. Мектеп, мәде­ниет үйі – сол кісінің ықпалымен салын­ды», – дейді ауыл тұрғыны.

Қаламгердің өмірі мен шығармашы­лығына арналған музей де осы ауылда. Бұрын арнайы салынған музей ғимараты уақытша жабылып, қазір Мәдениет үйінің ішіне көшірілген. Музей меңге­рушісі Клара Қошаева 12 жылдан бері мұнда еңбек етіп келеді. «Ғабит аға бала күнімізде келгенде, үлкен мереке бола­тын. Балалар арасында күрес ұйымдасты­рып, арнайы сыйлық тарататын. Ол кісі өте ұқыпты, киім киісінде де талғамы биік еді», – дейді Клара Қошаева.

Музей қорында жазушының фотосу­реттері, қолжазбалары, киімдері мен жеке бұйымдары сақтаулы. Оның ішінде араб қарпімен жазылған «Ұлпан» рома­нының қолжазбасы да бар. Бұл роман – қазақ әйелінің қайсар мінезін, ел басқа­рудағы парасатын айшықтаған тарихи туынды.

Музейдегі ерекше жәдігерлердің бірі – жазушының бес жасында атқа ал­ғаш мінген кезде ауыл шебері Жүсіп сый­лаған ер тоқымы. ХХ ғасырдың басында бір шеге қолданылмай ағаштан жасалған. Кейін ескіре бастағандықтан шегемен бекітуге тура келген. Бұдан бөлек, жазу­шының 70-80 жылдары киген костюм- шалбары, плащы мен аяқ киімдері де сол қалпында сақталған.

Сондай-ақ мұнда жазушының швей­цариялық сағаты, сыйлаған көзілдірігі, жазу құралдары мен бритвасы да бар. Ол кісі қолжазбаларын көбіне қара қарын­дашпен жазған. Ұнамаған сөзді өшіріп, қайта жазатын болған.

Музей меңгерушісі жазушының оқу­шы кезінен бір естелікпен бөлісті:

«Орыс тілінің мұғалімі оның шығар­масына 5\5 қойғанымен, ішінде 150 қате болған. Мұғалім әріптестеріне: «Бұл – болашақ жазушы», – деп жауап берген екен. Ғабең мұны өмір бойы есінде сақ­тап, сенім білдірген ұстазын ұмытқан жоқ», – дейді.

Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы – тек әдеби шығарма емес, тарихи әрі рухани мұра. Жазушы бұл туындыға 40 жыл дайындалып, ауыл қарияларынан дерек жинап, 1974 жылы жарыққа шы­ғарған. Бұл роман – әйел образын асқақ­татқан шығарма. Ұлпан – ел билеген, жол сілтеген, намыс пен ақыл-парасат­тың символына айналған тұлға.

Ұлпан ананың да мәңгілік мекені – осы Жаңажол ауылында. Зираты елді ме­кеннен екі шақырымдай жерде орналас­қан. Жергілікті әйелдер кезінде оның моласын қамқорлыққа алып, ақ жаулық­тарымен топырақ салып, басын көтеріп отырған екен. Кейін арнайы мазар орна­тылған. Сол зиратта Ұлпанның жұбайы – аға сұлтан, би Есеней Естемесұ­лы, қызы Біжікен мен күйеу баласы Тор­сан да жерленген.

Өңірімізде Ғабит Мүсіреповтің атын­да аудан, мектеп, көше бар. 2002 жылы жазушының 100 жылдығына орай облыс­тық балалар кітапханасына есімі беріліп, мұнда оның бай мұрасы жинақталған. Кі­тапхана қызметкерлері бұл мұраны жас ұрпаққа таныстырып, оқырман санасына ұлттық рухты сіңіруде еңбек етіп келеді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp