«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАЛАМТОР ТҰҢҒИЫҒЫНА ТАРТАДЫ

Балаларды ғаламтордың теріс ақпаратынан қалай құтқаруға болады? Ол үшін не істеу қажет? Петропавлдағы М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде өткен “дөңгелек үстел” отырысы барысында осы мәселелер әңгіме арқауына айналды. Облыс орталығындағы колледждердің, орта білім беретін мектептердің директорлары мен оқытушылары қатысқан жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова жүргізіп отырды.

Шара барысында сөз алған облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметова өңір өрендерінің, әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың ғаламторды пайдалануларына байланысты үнемі зерттеу жұмыстары жүргізіліп тұратындығын жеткізді.  

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Бейнегүл Молдабаева мектептерде, арнаулы білім беретін колледждерде ақпараттық тәрбие жұмысын күшейтудің маңыздылығына баса мән берді.

– Бүгінде біздің колледжде 1161 студент білім алуда. Олар сабаққа кірер алдында ұялы телефондарын информатика кабинетіндегі арнайы дайындалған қорапшаларға сабақ уақыты аяқталғанға дейін қойып кетеді. Бұл студенттерді күні бойы ғаламтордағы қажетсіз ақпараттан қорғаудың бір жолы, – деген ол осы әдісті жалпыға бірдей білім беретін мектептерде де қолдануды қолға алу қажеттігін айтты. Оқушы да, студент те күні бойы ұялы телефонсыз жүре алмайтындығын, бұл жағдайдың колледж студенттері үшін қолайсыздығын айтқан педагогтер де болды.

Бұл мәселенің жақсы арнаға бұрылуына “Қазақтелеком” акционерлік қоғамының облыстық филиалы бірнеше оңтайлы жағдай туғызуда. Аталмыш мекеменің телекоммуникация дирекциясының басшысы Роман Лайердің айтуынша, “Ата-аналар бақылауы” бағдарламасының пайдасы зор. Бүгінгі таңда оны Петропавлдың 2000-нан астам тұрғыны пайдаланса, аудандарда да бұл көрсеткіш күн сайын ұлғайып келеді. “Еленинг” бағдарламасын тұтынушылардың да саны өсуде. Күн ұзаққа жұмыс істеп, қас қарая үйге оралатын ата-аналар үшін бұл өте қолайлы әрі қауіпсіз. Аталмыш бағдарламалардың барлығы лаңкестік дау-дамайларды насихаттайтын және ұятсыз әрекеттерді жарнамалайтын бейнероликтерге тосқауыл бола алады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp