«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒЫЛЫММЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР

Дінмұхаммед Шайкин Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аталмыш білім ордасындағы еңбек жолын ассистенттіктен бастаған ол бухгалтерлік есепті басқару кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, 2011-2014 жылдар аралығында экономика факультетінде декан болып қызмет атқарды. Дінмұхаммед Шайкин бүгінгі күні “Қаржы және кредит” кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты, экономика мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор (доцент). Ол экономика ғылымдары бойынша еліміздегі қауымдастырылған профессорлардың алғашқысы, сондай-ақ, республикалық “Үздік оқытушы – 2014” байқауының жеңімпазы.

“Менің зерттеп жүрген бағытым – еңбек экономикасы, тұрғындардың өмір сүру сапасы, жастарды жұмыспен қамту, тағы басқа да мәселелер”, – деген Дінмұхаммед Нұрланұлы кандидаттықты “Қазақстан Республикасында жастар еңбегін пайдаланудың әлеуметтік-экономикалық аспектілерін (Солтүстік Қазақстан облысының мысалында) зерттеу” тақырыбында қорғаған. “Өз жұмысымызда тұрғындар санының, соның ішінде жастардың еңбек нарығындағы үлесіне болжам жасадық. Бұл еңбек нарығында жастарға жұмыс орындарын құратын мемлекет үшін аса маңызды нәтижелердің бірі”, – дейді ол.

Зерттеу жұмысындағы ғылыми жаңалықтар жастардың еңбек ресурстарының жас шекарасын ұлғайтуға негізделген. Қазір жастардың жасы 16-дан 29-ға дейін белгіленген. Әйелдердің жасын 32-ге, ерлердікін 34-ке ұлғайтудың тиімді жақтары бар. “Мысалы, қазір жастар арасында қолжетімді тұрғын үйге мұқтаж жандар өте көп. Елімізде жастардың еңбек ресурстарын ұлғайту арқылы олардың жастарға, соның ішінде жас отбасына байланысты бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі артады. Бұл өте өзекті мәселе”, – деген Дінмұхаммед Нұрланұлының айтуынша, біздің қазақстандықтардың еңбек әлеуеті толық ашылмаған. Ол үшін елімізде көп жұмыс жүргізілуде. Ол құрғақ сөз емес, шынайы әрекеттер. Оны статистикалық көрсеткіштер, қол жеткізген жетістіктер негізінде көріп отырмыз. Бізде жыл сайын зауыттар ашылып, кәсіпорындар жұмыс істеуде. Бұған дейін Қазақстан өзінің локомотивін шығарып па еді?! Қазір ол елімізде табысты қолға алынуда. Бұл өз кезегінде елімізде темір жол мен темір жол көлігінің дамуына зор ықпал етпек.

Білім ошағында салық және салық салу, экономика теориясының негіздері бойынша дәріс беретін Дінмұхаммед Нұрланұлы: “Бұл өте қызықты пән және оны экономикалық білімі бар адам білуі міндетті. Салық кодексіндегі өзгерістермен тығыз байланысты пәннің өз ерекшеліктері бар”, – дейді.

Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдегі ең үздік озық елдердің қатарына кіру міндетін қойып отырған шақта қазақстандық жастардың үш тілді қатар меңгерген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие маман болуы керектігіне тоқталды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік бағдарламалардың базалық пәндерінен басқа студенттер өздерінің таңдаулары бойынша элективтік компоненттерді оқиды. Оқытушылар сол компоненттерді оқыту үшін оқу-әдістемелік құралдар дайындап, ұсынады. Элективтік пәндердің Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы үлесі 70 пайызды құрауы тиіс. Оқытушылар қандай ғылыми бағытты зерттеп жүрсе, сол бойынша монография жазуы және мақалаларының шетелдердің рейтингтік журналдарына жариялануы өте маңызды. “Біз осымен белсенді түрде айналысамыз, ол үшін университетте барлық жағдай жасалған. Оқыту үдерісіне инновациялық технологиялар енгізіліп, көптеген топтарда сабақтар үш тілде жүргізіледі. Көптілді топтарда білім алып жүрген кез келген студенттің осы мақалалардағы ғылыми жетістіктермен танысуына мүмкіндігі бар. Олар көптілділік озық отыздыққа кіріп, бәсекеге қабілетті болудың алғышарты екенін біледі. Сондықтан студенттер көптілде оқытатын курстарға өздері барғылары келеді”, – дейді Дінмұхаммед Шайкин.

Бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті оқытушыларының бакалавриат, магистрант және докторанттарды даярлауға мүмкіндіктері бар. Университет әлемдік базаларға қосылған. Студенттер кез келген уақытта оған кіріп, өзін қызықтырған қазіргі заман әдебиетін, материалдарын оқи алады. Оқытушының мақсаты – студенттің шығармашылық, зияткерлік әлеуетін ашу. Әлемдік базаларға енгізілген студенттер мен оқытушыларға қолжетімді шетелдік журналдарда жыл сайын түрлі гранттар ұйымдастырылады. “Студенттеріміз ол гранттарға белсене қатысады. Олардың арасында біреуі болмаса, біреуі халықаралық грантқа қатысатынына сенімдімін”, – дейді Дінмұхаммед Нұрланұлы.

Студенттерге жан-жақты білім беріп жүрген 2014 жылдың үздік оқытушысы Дінмұхаммед Шайкин: “Алдағы уақытта туындайтын мәселелерден қоғамға қажеттісін, қызықтысын алып, одан әрі дамыту қажет. Ғылыми ортадан қалмай, бәсекелі ортада болу үшін білгеніңді тарату, онымен бөлісу, көп оқып, білу керек. Сондықтан ұтып алған грантымды Германия, Біріккен Араб Әмірлігіне барып, білімім мен тәжірибемді көтеру үшін жұмсамақ ойым бар”, – деді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp