Өңір диқандары ел экономикасының дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Биылғы егін орағы соны тағы бір мәрте айғақтап берді. Шаруалар бұл салада озық технологияларды кеңінен қолдануды басты мақсат санайды. Облыстық мәслихаттың депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-нің директоры Белгібай Қанафинді әріптестері бұл саланың білгірі ретінде құрмет тұтады. Ол он жылдан бері іргелі шаруашылыққа басшылық етіп келеді. Осы жылдар бедерінде астық өндірісі, дәнді дақылдарды өсіру технологиясы және тұқым шаруашылығын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеткен жетістіктері бір төбе. Он екі ғылыми жұмыс жариялауы, екі авторлық куәлік алуы тәжірибе мен теорияны ұштастыра білетін ізденімпаздығын, еңбекқорлығын танытса керек. Өткен ғасырдың екінші жартысында тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында шаңырақ тіккен ауыл шаруашылығы тәжірибесі стансасы бүгіндері ірі өндіруші ретінде елімізге танымал.
Жаңа идеялар жолындағы тынымсыз ізденістерден шаршамайтын Белгібай Камалұлы озық әдістәсілдерді өндіріске енгізгенше асығады. Ол ел экономикасының дамуын бүгінгі межемен емес, ертеңгі перспектикалық ауқымы тұрғысынан қарастырып отырады. Дәнді, дәнді-бұршақты, майлы және жарма дақылдарының жаңа сорттарын сынақтан өткізу арқылы батыл қадамдарға, қисынды тәуекелдерге де барып отырады. Табыстарының тұрақты болып, барлық істерінің жүзеге асырылуы сондықтан.
Халық қалаулысы – туған жерінің нағыз патриоты. Ол қарапайым еңбек адамдарына жасалатын әлеуметтік қамқорлықтарды ешқашан естен шығарған емес. Мұң-мұқтаждықтарына үнемі құлақ асып, қол ұшын беріп отырады. Ауылдастары оған үлкен сенім білдіріп, бірнеше рет депутат етіп сайлады. Аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар, әлеуметтік сала қызметкерлері жүктеген аманатты орындау жолында атқарған істері бір төбе. Ауылда әлеуметтік салаға қатысты бірде-бір мәселе оның қатысуынсыз шешілмейді десе де болады. Мектептерді жөндеу, аулаларды абаттандыру өз алдына, мәдени-бұқаралық іс-шараларға да көмегін аяған емес.
Өмірлік тәжірибе, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал, ұйымшылдық пен тәртіп, еңбектің қайтарымы басшының ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен қоса жеке адами қасиеттеріне де байланысты екені айтпаса да түсінікті. Белгібай Камалұлы ұжымда сыйлы, үлкен құрметке ие. Ол адамдармен белсенді де тұрақты қарым-қатынаста болуымен ерекшеленеді. Ауыл ахуалына қатысты проблемаларды шешуге білек сыбана кіріседі. Әсіресе, еңбек ардагерлеріне, жас мамандарға деген қамқорлығы ерекше. Еңбексүйгіш, алға қойған мақсатына ұмтылғыш, ізденгіш жас көрсе, балаша қуанады. Ауылға жастардың орнығуын басты назарда ұстайды.
Іскер басшының еңбектегі жетістіктері үшін алған марапаттары да қыруар. “Құрмет” ордені, “Еңбек Даңқы” төсбелгісі, “Конституцияның 20 жылдығы”, “Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы”, “Академик А.И.Бараевтың 100 жылдығы” мерейтойлық медальдары кеудесінде жарқырайды.
Ол әріптестері мен депутаттар арасында зор беделге ие. Көпжылғы ерен еңбегімен, мақсаттарға қол жеткізудегі табандылығымен, өзіне жүктелген депутаттық өкілеттіктерді адал жүзеге асыруымен, адамдарға үнемі пайда әкелуге деген ұмтылысымен осындай құрметке бөленіп отыр.
Уақыт не деген ұшқыр десеңші?! Кешегі мұрты тебіндеген бозбала бүгінде құрметті демалысқа шығар шақ – ағалық жасқа да жетіпті. Біздің өңірде ғана емес, республика бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан, ғылыми жаңалықтарға жаны құштар азаматтың алар асулары әлі алда деп есептейміз.
Зураш АХМЕТОВА,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.