«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰМЫР БОЙЫ ОТ КЕШТІ

Тайынша ауданының өрт сөндіру қызметкерлері Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында соғыс және еңбек ардагерлерін қолдау акциясына белсене қатысуда. Жуырда сондай бір шараның аясында Тайынша қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының және өрт сөндіру қызметінің ардагері Петр Перфильевке сый-сияпатымызды көрсетіп, майдангердің отбасында болып, тұрмыс жағдайымен таныстық. Петр Федорович 1926 жылы 28 қарашада өзіміздің облыстағы бұрынғы Приишим ауданының Новоникольское ауылында туған. Ол 17 жасқа толмаған бозбала шағында 1943 жылы әскер қатарына шақырылады. Жас жауынгер курсынан өткен соң майданға жіберіледі. Волхов және 4-ші Украин майданының құрамында көптеген елді мекендерді, соның ішінде Прага қаласын азат етті.

Жеңіс хабары жеткеннен кейін де еліміздің батыс шебінде қалған 71-ші дивизияның құрамында әскери қызметін одан әрі жалғастырды. 1950 жылы туған жеріне оралғанда оны анасы мен үш әпкесі қарсы алыпты. Петр Федорович жиырма жылдан астам Красноармейск қаласында өрт сөндіру бөлімінде қызмет етті, ал 1986 жылдың қараша айынан бері зейнеткерлік демалыста. Ерен еңбегі мен ерлігінің куәсіндей оның кеудесінде “Қызыл Жұлдыз”, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, “Ерлігі үшін” медалі және басқа бейбіт өмір кезеңіндегі марапаттары жарқырайды.

Бүгінде майдангер қарт зайыбы Прасковья Алексеевнамен бірге Ұлы Жеңіс мерекесі алдында жерлестерінің және өзі еңбек еткен ұжымының зор құрметіне бөленіп, тағы бір жасап қалғандай болды. Ол біз үшін де үлкен мерей, өйткені, толық мағынасында өмірі өрт сөндірумен өткен Отан қорғаушысының алдында бас иіп, оған тағзым етеміз.

Жанат ДОНАНОВ,

 Тайынша аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp