Театр – өнер атты үлкен әлемнің киелі қарашаңырағы, ұлы бабаларымыз бен дүлділ даналарымыздың өсиетін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші алтын көпір. Осы игі істі жалғастырып келе жатқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының құрылғанына биыл 21 жыл. Көрермен жүрегіне жол табу үшін театр басшылығы мен актерлер әрбір қойылымға, әрбір сөз бен әрекетке, сахнаның тақырыпқа сай безендірілуі мен кейіпкерлердің тартымды костюмдеріне деген талапты, өзіндік сынды күшейтті. 21 жыл ішінде түрлі фестивальдарға қатысып, өнер айдынында тоқтаусыз жүзіп келеді. Театр пандемия кезінде де өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Бас санитардың қаулысына сай көрермендерді “Ashyq” қосымшасы арқылы кіргізді.
– Биыл екі фестивальға қатысып қайттық. Қыркүйек айында ұжымымыз Көкшетау қаласында өткен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған аймақтық театр фестивалінде “Үздік ансамбль” номинациясын жеңіп алдық. Қазан айының басында Қарағанды қаласында өткен Әшірбек Сығай атындағы “Сын – шын болсын!” республикалық театрлар фестиваліне Абай Құнанбаевтың “Толық адам” спектаклімен қатысып, қазылар өнерімізге жоғары бағасын берді, – дейді Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.
Өнер ұжымы құрамында 23 әртісі бар шағын труппадан тұрады. Биыл қатарлары Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талантты жастармен толықты. Жоғары оқу орнын бітірген алты бірдей әртіс және бір суретші жұмысқа қабылданған. Нақтырақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін тамамдап келген Ернар Бақтыбай, Нұрхан Салауатов пен Ұлжан Қаламышова актерлік қызметке кіріссе, осы университеттің тағы бір түлегі Ботагөз Ахметова сахналық костюмнің безендірілуімен айналысады. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында музыкалық театр әртісі мамандығын бітірген Дінмұхамбет Серікұлы мен Сүндет Асан және Махамбет Әбілдә да жақында қатарға қосылды.
– Қарашаның 10-11 аралығында Жүсіпбек Аймауытовтың “Сылаң қыз” сатиралық комедиясының тұсауы кесілді. Бұл – режиссер ретіндегі тырнақалды туындым. Осы спектакльге кеше ғана келген жас әртістеріміз де қатысып, көрермен көңілінен шығып үлгерді. Қазіргі уақытта ұжым Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Сәкен Жүнісовтің “Елім-ай” драмасының тұсаукесеріне қызу дайындық үстінде. Қоюшы режиссері Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Камиев. Қойылымның премьерасы желтоқсан айына жоспарланып отыр, – дейді Дәурен Тойбазаров.
Жұмысқа қабылданған жас мамандар алғашқы рөлдерін сомдам, спектакльдерге қатысып та үлгерді.
– Бұл қарашаңырақта бүгінде еліміздің үлкен сахналарына шығып жүрген аға буын әртістер, танымал режиссер Фархат Молдағалиев өнер жолын бастаған болатын. Ол кісінің қойылымдары маған ерекше қатты ұнайды. Сол себептен мен де өзімнің алғашқы қадамымды осы театрдан бастасам деп келдім. Жүсіпбек Аймауытовтың “Сылаң қыз” қойылымында әнші рөлін сомдап шықтым. Жалпы өнерге деген қызығушылығым мектеп жасынан басталды, – дейді жас маман Махамбет Әбілдә.
Жастар жұмысқа көптеп қабылданып жатқанымен театрға әлі де мамандар қажет. Атап айтқанда, қоюшы режиссер, драма әртісі, хореограф, әдебиет бөлімінің меңгерушісінің қызмет орны бос тұр.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.