Мүмкіндігі шектеулі жандар қатысатын пара спорт жайлы барлығымыз да хабардармыз. Бірақ сурдлимпиада спорты туралы көпшілік біле бермейді. Әрине, екеуіне де кембағал жандар қатысады, бірақ атлеттерге қойылатын талаптар өзгеше.
Сурдлимпиада пара спорттың қатарына енгенімен, есту кемістігі бар атлеттер тірек-қимыл аппараты зақымданған немесе белгілі бір дене мүшесі жоқ мүгедектер арасындағы жарыстарға қатыса алмайды.
– Сурдлимпиадалық спорт – құлағы естімейтін спортшылар арасында өтетін дода. Жарыстар дефлимпиадалық ойындар деп те аталады. “Deaflympics” деген сөз ағылшын тілінен аударғанда “саңыраулар жарысы” дегенді білдіреді. Соңғы жылдары әлем елдері сурдлимпиадалық ойындар терминін қолданып келеді. Бұл жарыстарға өзге санаттағы мүгедек спортшылар қатыса алмайды, – дейді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық дайындық орталығындағы спорт бөлімінің директоры Қайратбек Сейітбеков.
Елімізде сурдлимпиадалық спорт 1995 жылдан дами бастады. Бұған дейін Қазақстанда, әсіресе өңірлерде мұндай атлеттерді дайындайтын секциялар болмаған. Тек тоқсаныншы жылдары ұлттық сурдлимпиада комитеті құрылды. 1997 жылы тұңғыш рет отандық спортшылар Копенгагенде өткен жазғы сурдлимпиадалық ойындарға қатысты. Араға уақыт салып, отандық сурдлимпиада спортшылары қысқы ойындарға да қатыса бастады. Солтүстікқазақстандықтар да халықаралық жарыстардан қалыс қалған емес.
– Облыста сурдлимпиада спортына көп көңіл бөлінуде. Әсіресе, жеңіл атлетика, футзал, үлкен футбол, үстел теннисі мен шаңғымен жүгіруге басымдық берілген. Жалпы солтүстікқазақстандықтар сурдлимпиада спортынан өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға жиі қатысады. Өңір намысын 70 адам қорғауда, олардың 22-сі жыл сайын әлемдік додаларға шығып тұрады, – деген Қайратбек Сейітбеков биыл қысқы сурдлимпиада ойындарына солтүстікқазақстандық шаңғышы Анастасия Соловьева баратынын айтты.
Биыл қысқы сурдлимпиада ойындары наурыз айында Түркияда өтеді деп жоспарланған. Оған әлемнің 25 мемлекетінен 400-ден астам спортшы қатысады. Ел намысын 22 атлет қорғайды.
– Мен спортпен бала күнімнен бері айналысамын. Алғашында акробатикаға барып жүрдім. Кейін омыртқамды жарақаттап алып, бұл спорт түрімен қоштасуға тура келді. Кейін шаңғы теуіп көрдім, қолымнан келеді екен. Биыл ел біріншілігінде топ жардым. Нәтижесінде ұлттық құрамаға алынып, Түркияға баратын болдым, – дейді Анастасия Соловьева.
Есту кемістігі бар азаматтарға спортпен шұғылдану оңай емес. Жас спортшының айтуынша, ең бастысы айналысып жатқан ісіңді ұнату керек және алға ұмтылыс болуы маңызды. Сондай-ақ биік белестерді бағындыру үшін қайсар мінез қажет.
– Спортшыда мінез болмаса, жеңіске жету қиын. Мұны өз басым жақсы білемін. Дені сау және мүмкіндігі шектеулі спортшыларға артылатын психологиялық салмақпен біздікін салыстыруға келмейді. Айырмашылық көп, – дейді спортшы.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.