Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әр Жолдауы – қазақстандықтар үшін басты бағдар. Жуырда жария етілген “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы да еліміздің даму бағытын айқындап, халқымыздың жарқын болашағына жасалған сенімді қадам.
Стратегиялық құжат қазіргі таңда әлемде орын алған саяси-экономикалық ерекшеліктермен үндесіп жатқаны айдай анық. Әлем қаржы-экономикалық дағдарыстың шырмауынан шыға алатын емес. Елбасымыз: “Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады”, – дей келе “Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ”, – деп осы дағдарыстың алдын алу қамын ойластырып отыр. Сондай-ақ, мұндай жағдайда еліміздің халқын жұдырықтай жұмылуға шақырды.
Президентіміз дағдарыспен күресте ең басты шепке еңбекті шығарды. Мемлекет басшысы жуырда республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында да тәуелсіздікті қажырлы еңбекпен ғана сақтап қалуға болатындығына ерекше тоқталған болатын. Бұл еліміздің тыныштығын жыл он екі ай күзететін тәртіп сақшыларына да қатысты.
Қылмыстың түбегейлі түйінін шешуде сараптама қызметінің елеулі орны бар. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сот сараптама институтында бүгінгі таңда 18 сараптамашы қызмет етеді. Сарапшылар 20 экспертті бағыт бойынша сараптама жасайды. Мамандардың басты міндеті – құқық қорғау органдарының жинақтаған құжаттарына арнайы білімі мен біліктілігінің негізінде сараптама жүргізіп, істің анық-қанығын егжей-тегжейлі зерделеу. Оған шынайы, тиісті бағасын беріп, қорытынды шығару. Бұл – өте маңызды іс. Себебі, сарапшының берген қорытындылары негізінде әділдік үстемдік құрып, шындық ашылады. Біреудің ала жібін аттап, заңды бұзған қылмыскердің ісі анықталып, жазаланады. Сарапшы қорытындысы адамның өмірі мен тағдырына әсер ететіндіктен, бұл маманға үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан мұнда да қажырлы еңбексіз шындықтың бетін аша қою мүмкін емес. Әр құжатты мұқияттылықпен тексеру сарапшылардың негізгі ұраны болса, көздегені – кінәлінің бет пердесін ашу.
Ата Заңымызда көрсетілгендей, еліміздің басты байлығы, құндылығы – адам. Ал оның тағдырының шынайы қорғалуына атсалысу – біздің міндетіміз.
Наталья ГОТОВКО,
СҚО бойынша сот сараптамасы
институтының директоры.