Биыл қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырын халқының азаттығы мен теңдігіне арнаған Алаш қайраткері, жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовтың туғанына 120 жыл толады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы “Руханият” коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп өткізген шара осынау датаға арналды. “Қазағын қастерлеген қайсар тұлға” атты тақырыпта ұйымдастырылған “дөңгелек үстел” отырысы ұлт мақтанышының тағылымды өмір жолын өскелең ұрпақ санасына сіңіруді, сан алуан тақырыптағы мұрасын дәріптеуді көздеді.
Жиында руханият жанашырлары мен ғалымдар артына айрықша өшпейтін із қалдырған тұлғаның өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, саяси көзқарасын айғақтайтын зерттеу жұмыстарын таныстырды, публицистік мұрасының маңыздылығына да тоқталды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы Смағұл Сәдуақасовтың ұлтжандылығы туралы әсерлі сөз сабақтап, сол кездің өзінде-ақ туған халқын дербес мемлекет етуге ұмтылғанын тағы бір еске салды. “Мемлекет қайраткерінен тікелей ұрпақ қалмаса да, барша қазақ ұлты оның жалғасындай. Смағұлдың білімі, оның ғылымға атсалысуы сол замандағы сын-қатерге тайсалмай жауап беруі оның сан қырлы азамат болғанын көрсетеді.
Смағұл Сәдуақасов – қазақтың зиялысы, қайраткері қандай болады деген сұраққа өзінің мұрасымен жауап берген ұлы тұлға. Оның әрбір сөзінен, мақаласынан қазақтың өзіне ғана тән болмыс-бітімді байқаймыз. Мысалы, қаламгердің кез келген туындысын ағылшын немесе француз тіліне аударса, ол өзіне тән ерекшелікті сақтап, қазақылығымызды дөп басып жеткізеді”, – деген ғалым бабамыздың еңбегін зерттеу жұмысын одан әрі жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісмақова: “Смағұл бабамыздың азаттық жолындағы атқарар шаруасы көп еді. Бiрақ ол кеңес өкiметiнiң қазаққа жасаған қиянатына қарсы шыққаны үшiн елiнен аластатылды. Жұмбақ жағдайда уланып, Кремль ауруханасында қайтыс болды. Смағұлдың денесi 1933 жылдың 16 желтоқсанында арнайы пеште өртеледi. Содан берi рухы мықты қайсар азаматтың күлi 78 жыл бойы Мәскеудiң Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде сақталып келген едi. Елімізге белгілі ғалымдар мен қайраткерлердің жүйелі жүргізген жұмысы нәтижесінде Алаш ардақтысының күлі 2011 жылы елге жеткізіліп, туған жер қойнына тапсырылды”, – деп, Смағұл сынды Алаш азаматтарының есімін жас ұрпақ санасында мәңгі есте қалдыру жолындағы замандастарының талпынысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол Смағұл Сәдуақасовтың Әлихан Бөкейхановпен жақсы қарым-қатынаста болғанына кеңінен тоқталды. “Қазақ әдебиеті Киргизская литература” атты зерттеуге толы кітапты жазып қалдырған қайраткердің жас болса да, қиын заманның өзінде қазақтың рухын көтеруге тырысқанын атап өтті.
33 жыл ғұмырын қазақ елiнiң өркендеуiне арнаған Смағұл Сәдуақасұлы қылышынан қан тамған қилы заманға, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрды. Жастайынан саясатқа араласып, ұлт азаттығы үшiн отаршылдармен айқасты. Оның азаттық жолындағы өзге де қадамдарын сөз еткен “дөңгелек үстел” қатысушылары Смағұл Сәдуақасов туған Ақжар ауданына, Нұр-Сұлтан қаласының бір көшесіне және осы шаһардағы №78 орта мектепке Алаш қайраткерінің есімін беру жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Түрлі себептерге байланысты жер-көшеге қайраткердің есімін беру, осы арқылы оны жастарға таныту ісі әлі күнге дейін билік тарапынан қолдау таппай отыр деген зиялы қауым өкілдері бұл мәселе тез арада шешілеріне үмітті екенін жеткізді.
“Дөңгелек үстел” отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өз өңірімізде де ономастика саласында жұмыс жанданғанын айтып, алдағы уақытта Ақжар ауданындағы көшелердің біріне Смағұл Сәдуақасовтың есімі берілетінін атап өтті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.