
2002 жылы облыс орталығында құрылған “DEZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі ең ірі ұн өндіруші кәсіпорындардың бірі саналады. Бүгінде диірмен кешенінің ауқымы кең, экспорттық әлеуеті зор.
Жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан тұста Түркия азаматтары Қазақстанда ұн өндіру ісін қолға алған болатын. Өңдеуші кәсіпорынның орнын анықтауда таңдау теріскейге түскен. Содан бері, міне, бірнеше жылдың жүзі өтті. 14 жылға жақын уақытта кәсіпорын биік белестерден көрінді. Қазақ пен түріктің өзара тығыз қарым-қатынасы мен сыйластығының арқасында қанатын кеңге жайған диірмен кешенінің бүгінде даму бағыты айқын. Аталмыш серіктестікте үгілген ұн Қазақстанның әр аймағына жеткізіледі. Сондай-ақ, өнімнің 80 пайызы шетелге экспортталады. Атап айтқанда, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен әріптестік байланыс орнатылса, өткен жылдан бері кәсіпорын өнімі Ресей Федерациясына да тасымалдануда. Өңдеуші кәсіпорын тәулігіне 270 тонна жоғары сұрыпты ұн шығарады.
– Қазақстанда алаңсыз жұмыс істеудеміз. Бізге мұнда ешкім де кедергі келтірмейді. Дарқан халықтың кеңпейілділігінің арқасында көп жақсылық көрдік. Бастысы қай елде, қай жерде болсақ та, дұрыс жұмыс істеу керек. Еңбек етемін деген адамға әрқашан жол ашық, – деп өз ойын білдірген “DEZ” ЖШС-нің директоры Дурсун Танрикулудың істің адамы екенін ұқтық. Түрі мен тілі басқа болса да, түбі бір түріктің баласына бауырым деп қараған дарқан көңілді қазақтың ақ пейіліне серіктестік басшысы дән риза.
Мемлекетіміздің қолдауының арқасында ұн шығарушы кәсіпорын жыл сайын демеуқаржыға қол жеткізіп, өндіріс көлемін ұлғайтуда оң серпінмен жұмыс істеуде. Мәселен, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 2014 жылы Үкіметтен бөлінген 130 миллион теңге демеуқаржының арқасында серіктестік астық қоймасын салып, бірнеше жүк көлігін сатып алған.
– Бізге әрқашан Қазақстан қолдау көрсетеді. Әсіресе, облыс әкімдігі тарапынан көп жақсылық көрдік. Қолдау-көмектің арқасында өндіріс көлемін ұлғайтып, экспортқа жыл сайын 50 мың тонна ұн жөнелтеміз. Біздермен 12-13 жыл көлемінде байланыс орнатқан шетелдік әріптестеріміз қазақстандық өнімді жоғары бағалайды. Ал біз тек қана солтүстік өңірдегі агроқұрылымдардан шикізат қорын аламыз, – дейді “DEZ” ЖШС директорының орынбасары Зекаи Танрикулу.
Серіктестік енді ашылған уақытта 8 адам ғана еңбек етсе, қазір мұнда 49 адам жұмыспен қамтылған. Заманауи технологияның арқасында ұн өңдеуші кәсіпорында жұмыс автоматтандырылған. Екі конвейердің әрқайсысының атқаратын өз шаруасы бар. Яғни, мұндағы жұмыс кезең-кезеңмен реттеледі. Әуелі бидай дән қорабына түсіріледі. Одан кейін жуылады. Кейін кептіріледі. 12-20 сағаттан кейін ғана ұн үгу кезеңі басталады. Ұн диірмендегі бөлшектеп өлшейтін құрылғының көмегімен қапшықтарға бөлінеді. Ал заманауи құрылғылардың көмегімен реттелетін станоктарға операторлар бақылау жүргізеді. Істен шыққаны болса, бірден қалыпқа келтіреді. Диірменде жұмыс істейтіндердің жалақысы орташа есеппен 75 мың теңгені құрайды. Биылғы жылдың қазан айынан бастап еңбекақы тағы да 20 пайызға көтерілген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жылына олар экспортқа 50 мың тонна ұн шығарады. Осы орайда ұнның 80 пайызы экспортталатын болса, оның 65 пайызы тек Ауғанстанға жөнелтіледі. Зекаи Танрикулудың айтуына қарағанда, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, жылына 100 мың тонна шикізат қоры қажет. Біздің елімізде бірінші сұрыпты ұнның килограмы 64 теңге болса, жоғары сұрыпты өнім 72 теңгеден саудалануда. Сондай-ақ, еліміздегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, “DEZ” ЖШС ұн бағасын көтермеген. Керісінше, Петропавл қаласы мен аудандардағы наубайханаларға 1-сұрыпты ұн жеңілдетілген бағамен сатылуда. Өйткені, Үкімет тарапынан диірмен кешеніне демеу-қаржы бөлінеді. Өз кезегінде бұл нан бағасының қымбаттамауына септігін тигізбек.
Кәсіпорын директоры Дурсун Танрикулудан 2016 жылға жұмыс жоспарын сұрағанымда, ол алдағы уақытта қалай тиімді жұмыс істеуге болатынын ойластырып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, құрамажем өңдеу зауытын салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Серіктестік тізгінін ұстаған түрік бауырлардың не себепті Түркия еліне ұнды экспортқа шығармайтындары мені қызықтырды. Зекаи Танрикулу Түркияда диірмендердің көп екенін айтып, олар импортқа тәуелді емес екенін жеткізді. Әрі ол жақта бізге қарағанда ұнның бағасы әжептәуір қымбат көрінеді.
“DEZ” ЖШС-нің қайырымдылық шараларға да қолдау көрсететінін ерекше айтып өткен жөн. Жоқ-жітіктер мен жетім-жесірлерге, қарт адамдарға материалдық көмек көрсетіп, сауапты іс тындыруда.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.