«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН — БЕЙБІТШІЛІК БЕСІГІ

18 қазан елімізде Рухани келісім күні ретінде кеңінен атап өтіледі. 1992 жылдан бері мерекеленетін атаулы күннің маңызы зор. Өңірде 11 конфессия мен 136 діни бірлестік тіркелген. Ата Заңымыздың 1-бабында жазылғандай: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”. Ел Конституциясында бекітілген зайырлылық қағидаты “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңда айшықтала түскен. Онда мемлекет және дін арасындағы қоғам мүддесі жолындағы іс-қимылдар нақты атап көрсетілген. Ең бастысы, әркімнің ар-ождан бостандығына, діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беріліп, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитыны, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтіні, конфессияаралық келісімнің, азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығы айтылған. Елімізде рұқсатсыз діни ағымдарға үгіттейтін уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуге, жасырын діни жиындар мен радикалды бағыттағы әдебиеттерді таратуға тыйым салынған. Барлық діни бірлестіктерге қойылатын талап біреу. Ол – рухани құндылықтарды насихаттау, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, діни сауаттылықты арттыруға белсене атсалысу. Бір сөзбен айтқанда, азаматтық қоғамның, діни ахуалдың тұрақтылығына қызмет ету болып табылады. Жаңадан құрылған облыстық дін істері басқармасының басты міндеті діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға бағытталған.

Дәстүрлі дін өкілдері жұртшылықты қашанда береке-бірлікке, татулыққа, ынтымаққа үндейді. Жер-жерлерде құрылған конфессияаралық топ мүшелері келісімнің отандық тәжірибелерін өзгелерге үлгі ретінде ұсынып отыр. Өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтар дәнін сіңіру, дәстүрлі діннің шынайы қасиетін ашып көрсетуде біз өткізетін семинарлардың, кездесулердің, ашық сұхбаттардың және арнайы дайындалатын әдістемелік материалдардың, бейнефильмдердің пайдасы өлшеусіз. Жыл басынан бері ұйымдастырылған түрлі іс-шаралар дінімізге, салтымызға қатысты көптеген ауқымды мәселелерді қамтып, барлық тұрғындарды бейбітшілікке, адамгершілікке, төзімділікке, өзара түсіністікке шақырып отырды.

Солтүстік Қазақстан – қашаннан бері өзінің этносаралық, конфессияаралық үндестік дәстүрлері қалыптасқан, бұл салада бай тәжірибе жинақталған өңір. Әлем елдерін коронавирус індетінен туындаған экономикалық қиындықтар алаңдатып отырған жағдайда шаңырағымыздың шайқалмауы, діңгегіміздің мықты болуы өте маңызды. Мемлекеттің ұстанған байыпты саясаты алға қойған міндеттерді дәйектілікпен шешіп, конфессияаралық саясаттың тиімділігін арттыруға зор мүмкіндіктер берді. Азаматтардың дінге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тікелей немесе жанама шектеу немесе қандай да бір артықшылықтар белгілеу немесе осыған байланысты өшпенділікті қоздыру не азаматтардың сезімдерін қорлау, сондай-ақ, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылады. Дін ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ, әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастары ауадай қажет. Қалыптасқан діни ахуалдың нашарлауына ықпал етуі мүмкін факторларды ескермей және болмайды. Діндердің ғасырлар бойы қатар өмір сүруінің нәтижесінде облыста белгілі бір діни мүдделер теңгерімі мен діни тепе-теңдік қалыптасқан. Оның шеңберінде діндердің әрқайсысы конфессияаралық үнқатысу мен әлеуметтік өзара іс-қимыл арналарын жолға қоя отырып, тұрақтылық пен толеранттылықты қамтамасыз етеді. Дінге сенушілер саны бойынша мұсылмандар мен православие христиандарының діни бірлестіктері көш бастап келеді. Оларға дінге сенушілердің 80 пайыздан астамы кіреді. Конфессиялар мен олардың қауымдастықтарының кейбір діни ғимараттары Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілген.

Діндер диалогының рөлі зор. Діни бірлестіктер басшыларының клубы конфессияаралық үнқатысулар арқылы да тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға әр кез үндеп отырады. Клубтың қызметі өңірдегі дін саласындағы тұрақтылық пен конфессиялық келісімді нығайтуға бағытталған. Оның ұраны – “білім мен түсініктен – диалог пен төзімділікке!”. Тоғыз конфессия өкілдерінің басын қосып, олардың арасындағы ынтымақтастық пен келісімге ықпал ететін толыққанды диалог алаңына айналды. Барлық қоғамдық күштер, үкіметтік емес ұйымдар түрлі діндердің өкілдерімен ынтымақтаса жұмыс істесе, жас буынды мейірімділік, қайырымдылық, бауырмалдық қағидаттарына негізделген асыл құндылықтарымызға тәрбиелеу мүмкіндігі тіпті арта түсер еді. Мәдени-ағарту, бітімгершілік қызметті жандандыру, қасиетті орындарды қастерлеу, қалпына келтіру мәселелерін бірлесе шешу әлдеқайда жеңілге түседі. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік бағытында дәйекті саясат жүргізе отырып, діни экстремизмнің сын-тегеуріндерін еңсеру, этносаралық алауыздыққа жол бермеу, ортақ идеологиямен қарсы тұру конфессиялардың басты ұстанымы болып қала береді. Ең бастысы, дінаралық келісім мен бейбітшілік Қазақстан халқының рухани дәстүрінің негізін құрайтынын естен шығармаған жөн.

Олег СИНЯКОВ,

“Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” КММ-нің сарапшы-талдаушысы, дінтану магистрі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp