«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ БІР АЛЫБЫ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың туғанына 120 жыл толуына орай халықаралық-тәжірибелік онлайн-конференция өткізді. “Сәбит Мұқанов: тұлға және мұра” тақырыбындағы шарада ғалымдар мен тарихшылар қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Сәбеңнің шығармашылығына терең бойлап, оның өмірде қандай адам болғанын, бүгінгі ұрпаққа нендей мұра қалдырғанын әңгімелеп, өзара ой бөлісті.

Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды.
Конференцияны ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтау хатын оқып, қаламгер есімі қазақ әдебиетінің “алыптар шоғыры” қатарында аталатынын зор мақтанышпен айтып өтті. “Жазушы сын, әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен қатар поэзия теориясының қағидалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Жерлес қаламгердің шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылғаны да біз үшін зор мақтаныш”, – деді Кемел Қарашаұлы.
Сәбит Мұқанов еліміздің саяси-мәдени өмірінде де белсенділігімен көзге түсті. 1956-1966 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Көзі тірісінде 2 рет Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, “Құрмет белгісі” орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбектің Сәбит Мұқановқа арналған “Келбет” кітабы жайында әңгіме өрбітті. Ғалымның айтуынша, аталмыш туынды Сәбит Мұқановтың өмірі, араласқан ортасы мен шығармашылық жолы туралы тың мәліметтерге толы, сондықтан бұл кітапты деректі көркем роман деп те атауға болады.
Шараға онлайн режімде қатысқандар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметованың “Сәбит Мұқанов – Алаштанушы” атты баяндамасын қызыға тыңдады. Жерлес жазушы өзі өмір сүрген тұста цензураның болғанына қарамастан, жазықсыз жапа шеккен Алаш арыстарын ақтауға атсалысты. Алматылық ғалым Сәбеңнің бұл еңбегін ерлікке теңеп, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды азаматтарды елге танытқанын тағы бір еске салды. Баяндамашы осы орайда академик жазушының еңбегі әлі де болса, еленбей, бағаланбай жатқанын ашына жеткізді. “Сәбең өте ақкөңіл адам болды ғой. Содан болар, оның мұрасын көп ғалымдар өз аттарынан пайдаланып, танылды. Тіпті, бүгінде кейбір азаматтар өздері дұрыс жаза алмай жүріп, Сәбит Мұқановты сынағысы келеді. Олар қаламгер атына небір жала жауып, шығармашылығын жоққа шығаруға дайын. Әдебиет өкілдерінің, ғалымдардың қатысуымен үлкен кездесу өткізіп, бұл қауесетке нүкте қоятын кез жетті”, – деп, профессор алқалы жиын өткізу жөнінде Қазақстан Жазушылар одағына өз ұсынысын білдіретінін айтты. Сондай-ақ, Күләш Ахметова жазушы мұрасын игеру, оны жас буын арасында танымал ету мақсатында қаламгердің туған елі Қызылжардағы мектептерде Сәбиттану пәнін енгізу жөнінде ұсынысын жеткізді.
Сәбит Мұқанов бар ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қанат жаюына, ұлттық құндылықтарымыздың кемелденуіне арнады. Жиын барысында оның өзге де адамгершілік қырлары, жүрегінің түбінен терең орын алған жайттардың барлығын хаттарға маржандай тізіп отырғаны сөз етілді.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: конференцияға қатысушылардың бір тобы солдан оңға қарай Мархаба Қуантаева, Ақмарал Ыбыраева, Жанбай Қадыров пен Айғаным Бейсенбаева.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp