«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗИНА ӘЖЕЙ – 104-ТЕ

Шал ақын ауданының тұрғыны Қазина Жақыпова 104 жасқа толды. Кейуананы туған күнімен құттықтаған жерлестері оған Жеңістің 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальді табыс етті.

Соғыс жылдары жұбайынан айрылып, жалғызбасты ана атанған Қазина Жақыпова қиындыққа мойынсұнбай, жалғыз ұлының жұрт қатарлы білім алуына бар күш-жігерін салады. Ашаршылық пен жоқшылықты, соғыс ауыртпалығын көп көрген әже – бүгінде 7 немере, 10 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Жасы ғасырдан асқан ғазиз ана жанына батқан қиындықтары жайлы көп айта қоймайды, “Жастар сұм соғыстың не екенін білмесе екен”, – дейді.

Жұбайының көзіндей сақтап келе жатқан жалғыз зат – қара қобыз. Ішектері үзіліп, сарыны өзгерсе де, отанасы үшін өте қымбат әрі ыстық.

Бүгінде кейуана келіні Ырысты Жақыпованың қолында тұрады. Осы әулетке түскеніне 43 жыл болған келініне Қазина әже әлі күнге дейін ақылшы болып отыр.

Тыл еңбеккерін 104-ші туған күнімен құттықтаған аудан басшылығы оған Жеңістің 70 жылдығына арналған медальді табыстады. Қазина әже шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Шал ақын ауданының қазынасына айналған тағы бір қария – Сағындық Барамов. Аудан басшылығы ардагерді Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, оған да мерейтойлық төсбелгіні тапсырды. Соғыс ардагерінің үйіне аудандық бюджет қаржысына жылу тартылмақ.

Фариза ЖАЗИТОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp