«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазіргі отағасының отбасындағы орны қандай?

Бала тәрбиесіне кім жауапты? Бүгінгі баланың бойында кімнің тәрбиесі басым? Алғашқысына бір деммен ата-ана деп жауап беруге болады. Ал екінші сұраққа келгенде күмілжитінімізді жасырмай-ақ қояйық. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты екені айдан анық. Бірақ таразының қос басы тең болғанда ғана отбасылық тәрбие түйінделеді. Бізде осы жағы кемшін. Көп жағдайда бала ананың қанатының астында. Талай буынға тура жолды көрсеткен әкенің қабағынан сес қайтқан ба? Осы мәселе қозғалған кезде түрлі себеп пен сылтау айтылады. Жүргізілген зерттеулерге зер салсақ, мамандар мұның барлығын елдің экономикалық ахуалымен байланыстырады.

Әлеуметтік ахуалдың әсері

Балаға ананың ғана емес, әкенің де тәрбиесі ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Осы жайт біздің қоғамды ғана емес өркениетті елдерді де толғандырып отырған сыңайлы. Осыдан бір жыл бұрын Бостон қаласындағы «Massachusetts» бас ауруханасының психиатрия бөлімінің мамандары бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы ауқымды зерттеуінің нәтижесін жариялады. Зерттеуде әке махаббаты мен қамқорлығын сезініп өскен баланың жақсы оқу мүмкіндігі әкесіз өскен балаға қарағанда 43 пайызға жоғары болатыны айтылған. Сонымен қатар баланың болашақта тура жолдан адасуы не адаспауы да әке тәрбиесін көруіне байланысты екен. Тіпті қазір түзеу мекемесінде отырған азаматтардың 80 пайызы тура және жанама мағынасында әкесіз өскендер деген де дерек келтіріледі. Бұдан өзге зерттеулерде де әке баланың қоғамда өзге адамдармен жақсы қарым-қатынас құра білуіне және өзіне сенімді болып өсуіне тікелей әсер етеді екен.

Бұл жағдайды біздің қоғамға бейімдесек, кеңес үкіметі кезіндегі саясат пен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың салдары әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін әлсіреткен сыңайлы.

– Ата-әжеміздің, әке-шешеміздің еңбек жолын зерделесек, кеңес одағы адамдарға «жұмыс күші» деп қарағанын аңғарамыз. Ол кезде әйел мен ердің рөлін бөлу, яғни еркек – түздің адамы, ал әйел – шаңырақтың ұйытқысы, бала тәрбиесіне жауапты деу тиімдірек болды. Кейін жұмыс күші жетпегенде әйел отбасының ұйытқысы ғана емес, тағы да ақша табушының рөлін өз мойнына алды. Ал тәуелсіз Қазақстанның алғашқы он жылдығында болған экономикалық тұрақсыздықта ер азаматтар ақша табушы рөлінен айырылды, ішімдікке салынды. Әйелдер күйеуінің соққысына да төзді, жұмыссыздығына да көндікті, баласын да бақты, отбасын да асырады, – дейді Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің әлеуметтік педагогы Ақнұр Бейсенбаева.

Осы ой айтылған кезде мына бір әзіл еске түседі. Бірде баласының мазасыздығынан әбден мезі болған Қожанасырдың әйелі ашуға беріліп: «Отағасы, бұл менің ғана балам емес. Сен де оның әкесі саналасың. Олай болса бала бағуға сенің де көмектесуің қажет. Оған 12 сағат мен қараймын, 12 сағат сен қарайсың», – деп шарт қояды. Қожанасыр амалсыздан келіседі. Ұйқыда жатса әйелі иығынан түртіп: «Тұр, сағат 12 болды, менің кезегім аяқталды, енді сен қарайсың» – деген екен. Сонда ол: «Сен өзіңе тиесілі бөлікті қарап біттің бе? Онда менің бөлігімде жылай берсін» деп жауап беріпті. Езуге күлкі үйірер әзіл болғанымен, астарында ащы ақиқат жатыр. Бала бір нәрсені бүлдірсе, бұзықтық жасаса әке, тіпті қоғам тарапынан анаға қарата айтылатын сөз: «Балаңа қарамайсың ба?», «Сенің берген тәрбиең!», «Балаға неге ие болмайсың?». Еркек тұрмыс қамымен түзде жүргенімен тұтас ұрпақ тәрбиесін әйелдің мойнына жүктеу ағаттықтан бұрын, еркектікке сын. Соңғы жылдары әкенің бала тәрбиесіндегі рөліне назар аударылуының бірден бір себебі де – осы.

«Әкелер мектебі» сенімді ақтай ма?

Елімізде ер-азаматтардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру мақсатында әкелер кеңесін құрып, түрлі семинар-тренингтер өткізілуде. Мәселен, 2023 жылы Петропавлда 200-ден астам әкенің басын біріктірген «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты облыстық әкелер форумы өтті. Ұйымдастырушылардың бірі – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеу болған. Көп жағдайда ата-аналар «балаларымыздың ішкені алдында, ішпегені артында, сұрағанын алып беріп отырмыз» деп, материалдық тұрғыда қамтамасыз етуді тәрбие беру деп түсініп жатады. Шынында, олай емес. Тәрбиелеу – ата-ана мен баланың өзара біріккен іс-әрекетінің нәтижесі, жақсы азамат болып өсуінің жарқын көрінісі.

– «Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаған ғой. Асқар тауының тәрбиесін көрген бала ешқашан ынжық болмайды. Еңбекке қабілетті, өз елінің патриоты болып өседі. Әкенің жылуын сезінген қыз, ешқашан жаман жолға түспейді. Біз форумға қатысқан әр азаматқа осы жайында түсіндірдік, – дейді Жанат Мұхамеджанов.

Облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатында «Әкелер клубы» құрылып, түрлі іс-шаралардың аясында отбасы құндылықтарын түсіндіру, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту сынды жұмыстар іске асырылуда. Оқу орнының директоры Ерлан Серікбайұлының айтуынша, мектеп ұжымының әр мүшесі ата-аналармен тығыз байланыста. Әр жыл сайын жоспар жаңартылып отырады. Саламатты өмір салтын ұстану мақсатында спорт жарыстары ұйымдастырылады. Қандай мәселе болса да әкелермен ақылдасып, ортақ мәмілеге келеді.

Бала тәрбиесіне көңіл бөлу – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуі еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Тәрбиенің негізі сүйіспеншілік, жауапкершілік пен сыйластыққа құрылуы тиіс, өйткені тек осы жағдайда ғана бала өзін бағалап, қоғамға пайдалы азамат болып өседі.

– Қазақта әкеге деген құрмет жоғары болған. Оған лайық болу үшін әке өзінің іс-әрекетін сараптаса, сөйлеген сөзі салмақты болса, қанынан жаралған ұл- қызына жақсы өнеге бермек. Қазақта «балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан соң досыңдай сырлас» деген сөз бар. Мен бес баланың әкесімін. Осы ұстаным аясында ұл-қыздарымды тәрбиелеймін. Барынша балаларымның тәрбиесіне көңіл бөліп, лайықты жар, үлгілі әке болуға тырысамын. Бұл менің парызым деп білемін. Маған әке-шешем жақсы тәрбие берді деп айта аламын. Әсілінде, байырғы заманның адамдары салт-дәстүрге, тәрбиеге ерекше көңіл бөлген жандар. Мен де сол үрдісті жалғастырғым келеді. Балаларымның жұрт қызығатындай іс-әрекеттер жасағанын қалаймын. Негізінен бала деген ата-анасынан көргенін істейді, – дейді Айыртау ауданының тұрғыны, көп балалы әке Жомарт Әбілмәжінұлы.

Асқар тау аласармасын десек…

Ата-ана болу – жауапкершілік. Ал әке – отбасы мүшелерінің қорғаны. Осы ретте Мәскеудегі психоанализ институты соңғы 5-6 жыл көлемінде аталған мәселеге қатысты зерттеу жүргізіпті. Бұрын әкелеріміз бала тәрбиесіне мектеп жасына жеткенде араласса, қазір нәресте дүниеге келген сәттен бастап қызығушылық танытады екен. Анасы жоқта баласымен қалып, түн ұйқысын төрт бөліп, жөргегін де ауыстырады. Алайда әке болудың шынайы мәнін ұмытып, алимент төлеуден қашып, ат ізін салмай кететін азаматтар саны да аз емес. Жалғыз қалған ана амал жоқ қара қазан сар баланың қамы үшін етігімен су кешуге мәжбүр болады. Бұл жағдайда «Сиыр қашты, бұзаулады, бұқа кетті бетімен. Кейбір әке дегендер тең-ау осы бұқамен» деген Ғабиден Мұстафин атамыздың сөзі еріксіз еске түседі. «Баламды қалай тәрбиелеймін, қалай ержеткіземін?» деп ана байғұс шарқ ұрады. Әр күні жаңа қиындықтармен бетпе-бет келіп, сәбиінің жарқын болашағы үшін күреседі. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бәлкім отбасыларынан ажыраудың түрлі себептері де бар шығар. Дей тұрғанмен, әкесіз өсіп жатқан сәбилердің келешекке апарар жолы көп жағдайда соқпаққа толы болатыны жанды қынжылтады. Өткен жылдың соңында облыстық прокуратура таратқан мәліметте өңірдің түзеу мекемелерінде алимент бойынша 39 борышкер жазасын өтеп жатқаны айтылды.

Осы ретте «Ayazhan Kenzhekyzy» түзете-дамыту орталығының директоры, психолог- логопед Аяжан Кенжеқызының айтуынша, әкенің балаға беретін ең үлкен сыйы – тәрбие. Отағасының балаларымен қарым-қатынас жасауы көп нәрсеге септігін тигізеді. Әке баласының алғашқы жасаған қадамынан-ақ сәбиінің жанында болуы керек. Бұл өз кезегінде балаларының дұрыс дамуына ықпал етеді.

Сондай-ақ психолог әке тәрбиесінің қыз бен ұлға тигізер әсерін айрықша атап көрсетті. Маманның айтуынша, әкенің ұл тәрбиесіне қатысуы ер баланың ержүрек, адал азамат болып қалыптасуына, сондай-ақ кедергілерді жеңуге деген қабілетін арттыруға ықпал етеді. Ал әкенің қызына деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы оның келешекте өмірлік серігін дұрыс таңдауына көмектеседі екен. Әкесімен жақсы қарым-қатынаста болған қыздар өздерін бағалап, өмірде өзіне сенімді әрі мықты тұлға болып өседі. Отан отбасыдан басталады. Егер әке ұл-қызына жақсы тәрбие берсе, мемлекетіміздің дамуына үлесін қосатын азаматтар көптеп шығатыны сөзсіз.

Назерке НҰРПЕЙІС,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp