«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙДАСЫҢДАР, ҚАЙСАР МІНЕЗ ЖІГІТТЕР?

Ер-азаматты елдің арқасүйер тірегіне балаған қазақ халқы отбасында да, өмірде де ұлдың орнын бір төбе санаған, оған таудай сенім артқан. Петропавлдағы Әскери институтта өткен “Қазақ отбасындағы ұл баланы тәрбиелеу ерекшеліктері” атты “дөңгелек үстел” отырысының да көздегені осы болды.

Бүгінде бұл үрдіс жойылып барады. Осы мәселе жайында ойларын ортаға салған курсанттар мұның бірден-бір себебі отбасындағы тәрбиеге байланысты екендігін айналып өтпеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, оқып жүрген олар қатысқандарды ер бала тәрбиесіндегі қызықты жайттардан да хабардар етті. 312-ші топтың курсанты Саят Кенжеғұлов әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктерін айтты. Бұл біздің халқымызда мақал-мәтелдер, қанатты ұғымдар арқылы кеңінен қолданысқа енген. “Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық” деп намыстандыратын, “Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт” деп таңдандыратын, “Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар” деп шамдандыратын, “Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді”, “Ерлік білекте емес, жүректе” деп қайраттандыратын, “Ақыл жастан, асыл тастан” деп сеніміне шек келтірмейтін, “Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі” деп армандайтын халқымыздың тәмсілі туралы баяндады.  

Ереуіл атқа ер салған Исатай мен Махамбеттің ерлік өнегесі жайлы әрбір үйде айтылса, нұр үстіне нұр болатынын тілге тиек еткен курсант Абылайхан Фазылханов әкенің қайратынсыз, ананың мейірімімен өскен балалардың көбеюі ел тірегі – жігіттердің ұсақталуына әкеліп соқтырып жатқанын уытты мысалдар арқылы жеткізді. Ер-азаматтардың ұрпақ тәрбиесінен сырт қалуының салдарынан бүгінгі жігіттердің көбі Отанды сүю, оны намыспен қорғау сияқты қасиеттерден айрылуда.

Сондай-ақ, шара барысында қазақтың ұл бала тәрбиесіне қатысты “сүндетке отырғызу”, “ашаймайға мінгізу” сынды дәстүрлерінен хабар беретін тәрбиелік мәні зор бейнероликтер көрсетілді.

Ақын Фариза Оңғарсынованың “Әке” туралы өлеңін нақышына келтіріп оқыған курсант Еркебұлан Аманғалиев жиналғандар қошеметіне бөленді.

Ғазиза ҚОЖАҒҰЛОВА,

Әскери институттың

тілдік дайындық кафедрасының бастығы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp