Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, шаһардың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты.
Алдымен “Жас өркен” шағынауданының құрылыс алаңына барған өңір басшысы Горький, Партизан, Парковая және Петров көшелерінде бой көтеруі тиіс көпқабатты тұрғын үйлердің бас жоспарымен танысты. 18 гектар жерді алып жатқан бұл тұста 1941-1960 жылдары салынған ескі үйлер болатын. Енді олардың орнына көпқабатты тұрғын үйлер мен “Спорт сарайы” бой көтермек. Спорт кешенінің құрылысын тез арада бастау қажеттігін айтқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Спорт кешені келесі жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Оған дейін жергілікті хоккей командасын құрып, Қазақстан чемпионатының жоғары лигасына өз құрамамызды дайындауымыз керек. Ең алдымен, жас хоккейшілерді дайындау ісіне ерекше көңіл бөлу қажет. Құрамадағы ойыншылардың 70-80 пайызы өзіміздің спортшылар болуы шарт, – деді.
Өңір басшысы Караванная көшесінде салынып жатқан жол өтпесінің жағдайымен, “Береке” ықшамауданында салынып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысымен де танысты. Іргетасы 2011 жылы қаланған нысанда бүгінгі күні жұмыс 65 пайызға ғана орындалған. Құрылысты аяқтау үшін мемлекет тарапынан 3,5 миллиард теңге бөлінген болса, бүгінгі күні оның 1 миллиард 100 миллион теңгесі ғана игеріліпті. Өңір басшысы құрылыс қарқынын үдетіп, нысанды биыл күзде, жаңа оқу жылында пайдалануға беру керектігін қадап айтты.
Ерік Сұлтанов Петропавлдағы өнеркәсіптік аймақта болды. Мұнда жақын күндері құбыр зауытының құрылысы басталмақ. Егер зауыт іске қосылса, мұндағы құбырлармен елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімнің 50 пайызын экспорттауға да мүмкіндік тумақ. Ерік Сұлтанов зауыттың бас директоры Марат Әбүйіровке тезірек бизнес-жоспар жасап, құрылысты бастауға қажетті барлық құжаттарды дайындауды тапсырды.
Өңір басшысын кәріз тазалау жүйесін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстың барысымен “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Сергей Визеров таныстырды. Серіктестікте кәріз тазалау жүйесін салу 4 кезең бойынша іске асырылуда. 2013 пен 2015 жылдарды қамтитын төртінші кезеңге 3 миллиард 640 миллион теңге қарастырылған. Оның 522 миллион теңгесі биылғы жылы игерілуге тиіс.
Облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардағы жұмыспен танысқан өңір басшысы құзыретті орган басшыларына өз салалары бойынша нақты тапсырмалар беріп, жұмыс қарқынын үдету қажеттігін қадап тапсырды.
Самат САПАРАЛЫ,
журналист.