«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА ІРГЕСІНДЕГІ ЖОЛДАР ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Облыстық қоғамдық кеңестің ке­зекті отырысы өтіп, онда Қызыл­жар және Мағжан Жұмабаев аудан­дарындағы елді мекендерді абаттандыру, Айыртау ауданындағы жер­гілікті маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу мәселелері қа­ралды.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Аман Қабдөшевтің айтуы­на қарағанда, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қа­ласын абаттандыру бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгін­гі күні орталық алаң жөнделіп, спорт нысандары жаңғыртылып, кө­шелер жарықтандырылған. Мұ­ның барлығына 180 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, жұмыстың сапалы орындалуы қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ, Лебяжье және Қарақоға ауылдық округтерінде орналасқан шаруашылық құрылымдары елді мекендерді абаттандыру жұмысына жауапкер­ші­лікпен қарап, өз үлестерін қосуда. Бұл ауылдарға апаратын жолдар да сапалы салынған.
Ал облыс орталығының іргесінде орналасқан Қызылжар ауданында абаттандыру жұмыстары көңіл көншітпей отыр. Соңғы жылдары тұрғындар саны көбейген аудан орталығы – Бескөл ауылының келбеті талапқа сай емес. Саяжолдар, ба­лалар алаңы салынып, ескі үйлер сүрілгенімен, қаулап өскен қурай, шұрық-тесік көшелер ауылдың си­қын кетіруде. Бұл ауданда абат­тандыру жұмыстарына 41 млн. теңге қаржы бөлініпті.
Қызылжар ауданының әкімі ап­па­ратының басшысы Қуаныш Саб­рали­нов үстіміздегі жылы жолдар­ды жөндеуге 500 млн. теңге қаржы бөлінгенін айтты. Қоғамдық кеңес мүшелері Прибрежный, Шахау ауылдарына барып, жергілікті тұр­ғындардың жол машақатын тар­тып жүргенін өз көздерімен көрген. Сонда қыруар қаржы бұл ауылдар­ға жетпей қалды ма?! Елді мекен­дердің проблемасына жергілікті билік те, сол жердегі шаруашылық­тар да салғырт қарап отыр.
Қоғамдық кеңестің мүшесі Жа­расбай Сүлейменов облыс орта­лығының іргесіндегі ауылдардың жағдайы осындай болса, шал­ғай­дағы шағын елді мекендер қандай күйде деген сауал қойды.
– Облыс орталығының іргесінде орналасқан Тепличное ауылын­дағы жолдың ой-шұңқырын өткен жылы жауын-шашынды кезде кү­рекпен тегістеп, атүсті жөндеу жұ­мыстарын жүргізді. Қарадүрсін жөн­делген жол көп ұзамай бұрынғы қалпына қайта түсті. Қазір ол жер­мен көлікпен өту қиындап отыр, – деген Жарасбай Қабдоллаұлы тұрғын­дар үшін жолдардың сапалы бол­ғаны маңызды екенін жеткізді.
Отырыс барысында Айыртау ау­данындағы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарын дамыту мәселесі де қаралды. Қоғамдық ке­ңестің мүшесі Олег Иванов бірне­ше ауылды аралап, жолдың жайын бағамдаған. Мәселен, “Антоновка – Лавровка – Горное” бағыты бойын­ша жолдарды қалпына келтіру жұмысы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Десек те, ауыр жүк көліктері құрылыс материалдарын та­сымалдаған кезде жөнделген жолдар қайта бұзылып, бөлінген қар­жы желге ұшқан. Бұл мәселе талай жылдан бері айтылып жүр­генімен, әлі де шешімін таппай ке­леді. Бұған баса назар аудару керектігін айтқан Олег Иванов ұлттық парктер арқылы өтетін жолдардың да мәселесін көтерді. Мысалы, Арықбалық ауылынан “Солнеч­ный VIP” демалыс орнына апара­тын жол ұлттық паркті басып өтеді. Қайта қалпына келтірілген жолдың сапасы жақсы болғанымен, көлік тоқтайтын орын қарастырылмаған. Бұл келеңсіздіктің салдарынан қайғы­лы жағдайлар орын алуы мүмкін, сондықтан жолды кеңейту жайы өзекті болып отыр.
“Қазақстан азаматтары альян­сы” заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Гамал Түзелбаев еліміздегі қоғамдық кеңестер инс­титутының дамуына сараптама жа­салатынын айтты. Сонымен қатар “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгі­зіліп, қоғамдық кеңестердің жұмы­сы түбегейлі жаңғыртылады.


Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp