Жамбыл ауданына қарасты Новорыбинка ауылында орналасқан Спасск шіркеуінің ғимараты аукцион арқылы сатылғалы жатыр деген ақпаратты естігеннен кейін қолыма қалам алып, газет оқырмандарымен ой бөліскенді жөн көріп отырмын.
Саналы ғұмырымның көп бөлігін осы ауданда өткергендіктен, оның ішінде біраз жылдар мәдениет бөліміне жетекшілік еткендіктен, руханият мәселесіне келгенде шет қалғым келмейді. Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, 19 ғасырда “Қасірет белдеуі” бойында тұрғызылған ғибадатханалардан өңірде төртеуі ғана сақталып қалған. Олар – Пресногорьковтағы әулие Николай храмы, Петропавл қаласындағы Петр мен Павел соборы, Әулиелер шіркеуі және Лебяжье ауылындағы Ілияс пайғамбардың құрметіне тұрғызылған құлшылық орны. Соңғысының діни қызметкері болған Иоанн Домбровский 1937 жылы “халық жауы” ретінде атылған.
Новорыбинка елді мекеніндегі құтқарушының ғажайып бейнесі салынған Спасск шіркеуінінің тарихынан да хабардармын. Ол 1864 жылы приходшылардың бірлескен күш-жігерінің арқасында 200 адамға арналып бой көтерген. Төбесі темірмен қапталып, қабырғалары тастан қаланған. 1903 жылы оң жағы – ауыр азап шегуші Дмитрий Солунскийдің, сол жағы – Феодосий Черниговскийдің құрметіне кеңейтілген. Мұнда Симбирск діни семинариясын бітірген Дмитрий Жемчужников қызмет атқарған. Қазан төңкерісінен кейін бірнеше рет тұтқындалып, қуғынға ұшыраған ол шаруа тегінен шыққан Яков Буйленко да қызмет еткен. Ол Воронеж губерниясында екі сыныпты шіркеу-приход мектебін бітірген. Қоңыраудың үні алыстан естіліп, күмбірлей соққанда маңайдағы жұртшылық тайлы-тұяғымен шұбырып, осында құлшылық етуге келетін болған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, шіркеу салынған кезде әйелдер себеттерге жұмыртқа салып әкеліп, оны құрылыс матариалдарына ерітінді ретінде пайдаланған. Ғибадат орнының беріктігі соншалық, кейін кеңес өкіметінің “шаш ал десе, бас алатын” жандайшаптары оны бұза алмаған деседі.
660 шаршы метр аумақты алып жатқан Спасск шіркеуі көп жылдар бойы бос тұрып, енді 11 млн. теңгеге аукционға қойылғанға ұқсайды. Иә, күтім жоқтығынан ғимараттың әбден тозығы жеткені рас. Кезінде клуб ретінде де пайдаланылған. Сыртқы сәулеті сақталғанымен, ішінің сиқы кеткен. Бұл ғана емес, аудан аумағындағы әйелдер монастры да ерекше күтімді қажет етеді.
Біз тілге тиек етіп отырған орындардың әрқайсысының өз тарихы бар. Ендігі тілегіміз, ғибадат орындары аукцион арқылы сатылып, нақты иесін тапқан жағдайда қалпына келтіріліп, рухани құндылықтар ошағына айналса екен дейміз.
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
өлкетанушы.