«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қамбаға түскен астық мол

Солтүстік Қазақстан облысында күзгі орақ науқаны аяқталды. Биыл өңір диқандары мол өнім жинап, қамбаға 4,5 млн. тонна бидай құйды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов хабарлады.

Биыл өңір диқандары 2,9 млн. гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 15 центнерден өнім алды. Бұған қоса 32,9 мың гектар жерге отырғызылған картоп жинау жұмыстары да тамамдалды. Нәтижесінде қоймаларға 490,9 мың тонна картоп жеткізілді. Ал 6,2 мың гектарды құрайтын көкөніс алқабынан 97,8 мың тонна өнім жиналды.

– Орақ науқаны барысында солтүстікқазақстандық диқандар мол өнім жинады. Бұл диқандардың тынымсыз еңбегі мен мемлекет қолдауының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Картоп пен көкөніс жинау нәтижесі де көңілден шығады. Биыл майлы дақылдардың алқаптары 911 мың гектарға дейін ұлғайтылған болатын. Орақ науқанында бұл алқаптардан 772 мың тонна өнім жиналды. Гектар берекелігі 8,5 центнерден айналды. Мол өнім облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, картоп пен көкөніс бағасының негізсіз өсуіне жол бермейді, – деді Ерболат Мұратұлы.

Биылғы жаз айларында жауын-шашын аз түскенімен, егін танаптарынан айтарлықтай жақсы өнім жинаған шаруашылықтар да бар. Атап айтқанда, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі, “Тұқым” және “Новомихайловское – 2003” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері әр гектардан 28 центнерге дейін өнім алған. Жаңа астықтың сапасы да жақсы. Астық қабылдау кәсіпорындарына 1,1 млн. тоннаға жуық дәнді дақыл тапсырылса, бидайдың үлесі 817 мың тонна. Олардың 67 пайызы 1-3 класты бидай. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге артық.

Басқарма басшысы өз баяндамасында соңғы 9 айдың қорытындысына да тоқталып өтті. Биыл ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 4,3 пайызға өсіп, 628 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері облыста ет өндірісі 5 пайызға ұлғайтылып, 75 мың тоннаға жеткен. Облысқа Ресей мен Еуропа елдерінен асылтұқымды ірі қара сатып алу жалғасуда. Бүгінге дейін өлкемізге 2 мыңға жуық қара мал жеткізілген. Биыл сүт өндірісінің өсімі 5,3 пайызды құрап, 497 мың тонна ақ өндірілген. Өңірде соңғы екі жылда 7 жаңа тауарлы-сүт кешені пайдалануға берілді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 6 млрд. теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта тағы 10 заманауи ферманың құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 30 мың тоннадан астам сүт өндіріліп, 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Соңғы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға ел бюджетінен қомақты қаражат бөлінген болатын. Ал биыл бұл қолдау рекордтық көрсеткішке жетіп, 48 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері “ҚазАгро” АҚ-ның қаржы институттары арқылы көктемгі егіс және орақ науқанын жүргізуге қажетті 44 млрд. теңгенің 1707 техникасы сатып алынды. Сөйтіп, соңғы үш жылда бұл мақсатта жұмсалған қаржы көлемі 88 млрд. теңгеге жетті, – деді басқарма басшысы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp