«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қамба толы алтын дән

Солтүстікқазақстандық диқандар ала жаздай баптаған астықты шашау шығармай қамбаларына құйып алды. “Баптай білсең – жер жомарт” дегендей, ырыс-несібесін жерден тапқан шаруалар осылайша мол өнімге кенелуде.

Биыл өңірімізде астықтың шығымы жақсы. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, жергілікті диқандар 2,9 млн. гектар алқапқа егілген дәнді дақылдарды түгел орып, 4,4 млн. тоннадан астам астық жинады. Өңір бойынша гектарынан орташа есеппен 15 центнерден өнім алынды. Оған қоса 32,9 мың гектар жерге отырғызылған картоп жинау жұмыстары да тамамдалды. Нәтижесінде қоймаларға 490,9 мың тонна картоп жеткізілді. Ал 6,2 мың гектар көкөніс алқабынан 97,8 мың тонна өнім жиналды.

– Майлы дақыл еккен диқандарымыз 845,1 мың гектар жерден өнім алып үлгерді. Бұл егіс алқабының 91,6 пайызын құрайды. Гектар берекелігі 8,4 центнерді құрауда. Бұдан бөлек, өңіріміздің агроқұрылымдары малдың қыстан қоңды шығуы үшін 751,8 мың тонна шөп және 960 мың тонна сабан дайындап қойды. Сабан тасу әлі жалғасуда, – деді Қуандық Нұрғазыұлы.

Биыл күзгі жиын-терімге 7,5 мың комбайн қатысты. Науқанға қажет 75,1 мың тонна дизель отынын мемлекет кепілдендірілген баға бойынша мұнай өңдейтін зауыттардан тікелей алуға мүмкіндік жасады. Оның 1 литрінің құны 172 теңгеден аспады. Жалпы, өңірімізде жанармаймен қамтамасыз етуде ешқандай іркіліс болмады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp