Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/1 мекемесіне қамқоршылық кеңесінің өкілдері – облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасының бас маманы Лариса Шереметьева мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және заң жұмысы бөлімінің бас маманы Жандос Есмиев келді.
Қамқоршылық кеңестің міндеті – сотталғандарды әлеуметтік қорғау, түрмеден босап шыққан адамдардың жұмысқа орналасуына және қоғамға бейімделуіне көмектесу, мекеме әкімшілігіне оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруға қолғабыс жасау. Осыған орай қонақтар ЕС-164/1 мекемесінің қызметімен және тергеу изоляторында отырғандардың тұрмыс-жағдайымен танысты. Кеңес мүшелері мекемедегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру, оның барысында кезігетін қиындықтар, негізгі бағыттары туралы әңгімелерді мұқият тыңдап, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге уәде берді.
Кеңес мүшелері сол күні босатылған Евгений Зеленов пен Андрей Красильниковқа қазіргі әлеуметтік бағдарламалар, өздеріне көрсетілетін көмек түрлері, тегін білім алу және одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтып берді. Евгений мен Андрейге бостандыққа шыққан соң мұның көмегі тиеді деген үміттеміз.