Халықаралық қарттар күні қарсаңында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/8 мекемесінің қызметкерлері жылдағы дәстүр бойынша ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет істеп, құрметті еңбек демалысына шыққан бір топ ардагерлерді құттықтап, оларға ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Саналы ғұмырының басым бөлігін қылмыстық-атқару жүйесіндегі қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметке арнаған, бұл күндері самайларын қырау шалған ардагерлерді мерекелерімен құттықтауға ЕС-164/8 мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әділет майоры Жарқынбек Қалымбеков, ардагерлер кеңесінің төрайымы Татьяна Лубинец, кадр саясаты тобы бастығының міндетін атқарушы әділет майоры Евгений Ячменев арнайыәрқайсысының үйлеріне барды.
Бір кездері өздері қалтқысыз еңбек еткен мекемеден қызметкерлер келіп, төл мерекелерімен құттықтаған кезде қариялардың көңілдері өсіп, бір марқайып қалды. Қуаныштан көздеріне жас алғандары да болды.
ЕС-164/8 мекемесінің медициналық бөлімінде көптеген жылдар бойы зертханашы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Мария Лешина әжей ағынан жарылып: “Мекеме қызметкерлері біздей зейнеткерлерді ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Түрлі мерекелерде, туған күнімізде әрбір ардагердің үйіне келіп, сый-сияпат жасап, құттықтаудан жаңылған емес. Қарттарды естерінен шығармай, алтын уақыттарын бөліп, жылы сөздерімен мерейімізді өсіргені үшін мекеме ұжымына шынайы алғысымды білдіремін”, – деп, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Айта кету керек, мекеме ұжымы өздерінің ардагерлерімен үнемі тығыз байланыста. Мереке күндерінен басқа уақытта да қарт адамдарға үнемі қажетті көмек көрсетіп тұрады. Ардагерлер де өз тараптарынан үйлеріндегі күйбең тіршіліктен қолдары қалт етсе, мекемедегі жас буын қызметкерлермен кездесулер өткізіп, өздерінің тәжірибелерімен бөліседі, ақыл-кеңестерін айтады.