Шайбалы хоккейден «Pro Hokei Ligasy» ел біріншілігінің төртінші тур ойындары аясында жергілікті “Qulager” командасы сырт алаңда рудныйлық “Gornák”-пен кездесті.
Рудный қаласында өткен кездесудің алғашқы ойынында командамыздың шабуылшысы Ильгиз Нуриев есеп ашты. Бірақ бірер минуттың ішінде қарсыластар қақпамызға қатарынан екі шайба салды. Көп ұзамай жерлесіміз Денис Стасюк таразы басын теңестіріп еді, алайда матч соңына дейін рудныйлықтар қақпамыздан тағы бір саңылау тауып үлгерді. Есеп – 2:3.
Келесі күнгі қарымта ойында жерлестеріміз осалдық танытпады. Төрешінің ысқырығы естілісімен қарсылас қақпасына лап қойған олар кезек-кезек үш шайба тоғытты. Бұл жолы Булат Хамматов, Алексей Грищенко және Евгений Попитич мергендік танытты. 21-минутта рудныйлықтар есеп айырмасын қысқартқанымен, кейін Ильгиз Нуриев пен Денис Стасюк айдын иелерінің қақпасына бір-бір шайбадан соқты. Матчтың аяқталуына шамалы қалғанда командамыздың қақпашысы Дмитрий Хозяшев екінші шайбаны өткізіп алғанымен, соңғы минуттарда жерлестеріміз Денис Стасюк пен Дмитрий Исмагилов қарсыластардан айлаларын асырып, екі шайба салды. Осылайша, жерлестеріміз рудныйлықтарды 7:2 есебімен ойсырата жеңді.
Қоржынында 10 ұпайы бар “Qulager” турнир кестесінде төртінші орынға сырғыды. 1 қараша күні жерлестеріміз “Temirtaý” командасымен кездеседі.